"Мәселе сол күйі шешілмейді". Үкімет басшысы тұтынушылық құқық туралы

19 Маусым 2023, 15:35
752
Бөлісу:
"Мәселе сол күйі шешілмейді". Үкімет басшысы тұтынушылық құқық туралы
Фото: Артём Чурсинов - архив

Тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – маңызды мәселе. Өкінішке қарай, бұл салада шағымдар көп. Оған негізінен, сапасыз тауарларды сату, тауар бағасының дұрыс қойылмауы, интернет-дүкендерден ақшаның уақытылы қайтарылмауы себеп болып отыр. Тұтынушылар сондай-ақ, денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбіне, мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады, - деді Смайылов.

Ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет екенін айтты.

2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, осы салада біртұтас жүйе құруға ықпал етті. Алайда, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осыған байланысты, тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуы тиіс, - деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы заң қабылданған соң бұл жұмысты жедел жүргізу керек екенін айтады.

Тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды. Сапасына кепілдік берілген өнімдерді өндіру мен сатуға, адал жарнама мен маркетингке негізделген саясат жүргізу қажет, - деді ол.

Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин тұтынушылардың құқы көп бұзылатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы