Жанжалдан кейінгі шешім: Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайы сотта не деді?

Сот Ерболат Жанабыловтың ісін әйelімен татуласуына байланысты тоқтатты.

1 Қазан 2026, 19:40
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова 1 Қазан 2026, 19:40
1 Қазан 2026, 19:40
247
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Әйелі Эльмира Төлегеновамен жанжалдасқаннан кейін қозғалған қазақстандық блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік іс сотта тоқтатылды. Тараптар татуласқанын мәлімдеді.

1 қазанда Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі жабық режимде қарады. Жанабыловқа ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі (отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық) бойынша айып тағылған болатын. 

Сот анықтағандай, 30 қыркүйекте Жанабылов үйінде жанжал шығарып, жұбайының қолынан ұстап, оның тыныштығын бұзған. Сонымен қатар, сот оның әрекеттерінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтыратын белгілер жоқ екенін атап өтті.

Оқиғаның болғаны іс материалдарымен, соның ішінде әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбамен расталды.

Сот отырысында Жанабылов кінәсін мойындап, әкімшілік хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады. Ол жұбайымен татуласу ниеті бар екенін де жеткізді. Тараптардың татуласу туралы жазбаша келісімі іс материалдарына тіркелді.

Эльмира Төлегенова сотта жұбайының өзін ұрмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың арасында тек ауызша сөз таласы болған. Сондай-ақ ол татуласуға ешқандай қысымсыз, өз еркімен келіскенін растады.

Сот Жанабыловтың осындай құқық бұзушылықтар үшін бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Қылмысты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

ӘҚБтК-нің 64-бабына сәйкес, 73-бап бойынша алғаш рет құқық бұзушылық жасаған адамды сот жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтірген жағдайда әкімшілік жауапкершіліктен босатуға құқылы.

Нәтижесінде, татуласу туралы жазбаша келісім негізінде сот іс жүргізуді тоқтатты.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін сот отырысы Жанабыловтың өзінің өтініші бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық түрде өткен еді. Блогер сотқа бұл істің өзінің жеке және отбасылық өміріне қатысты екенін айтқан болатын.

Еске салайық, бұл істің қозғалуына 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жарияланған Эльмира Төлегенованың видеоүндеуі себеп болған еді. Ол жұбайымен арадағы жанжал туралы айтып, гардероб бөлмесіне тығылып қалғанын хабарлаған болатын. Кейін Төлегенова физикалық зорлық-зомбылық болмағанын, ал ұрыс күйеуінің екінші телефонын алғысы келген әрекетінен кейін туындағанын нақтылады.

Төлегенова арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, полиция Жанабыловқа қатысты әкімшілік материал толтырған еді.

Наверх