Мақтаарал: 500 жаңа тұрғын үйдің құрылысы келесі аптадан басталады

7 Мамыр 2020, 20:31
3820
Бөлісу:
Мақтаарал: 500 жаңа тұрғын үйдің құрылысы келесі аптадан басталады
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірінші мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің бірі жарылып, айналасындағы елді мекендерді су басты. Салдарынан су қоймасына жақын орналасқан Қазақстан жеріндегі Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекен зардап шекті. Тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді, тасқын судың бетін қайтарып, тосқауыл қоюға Төтенше жағдайдың қызметкерлері мен түрлі техникалар, медицина қызметкерлері тартылды. Болған апаттан адам шығыны болған жоқ. Дегенмен, қаншама адамдардың шаңырағы опырылып, ортасына түсті. Дүние-мүлкі, үміті, арманы, жоспарлары су астында қалды.

20200506_154830.jpg

Біз Мақтаарал ауданы, Мырзакент елді мекенінде орналасқан облыстық төтенше жағдайлар штабына бардық. Қазір ауданда ахуалдың қалай болып жатқаны, қызыл судың беті қаншалықты қайтты, қандай техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жөнінде ең алдымен Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Запаровты сөзге тарттық.

Оның айтуынша, 1 мамыр күні су Сардоба су қоймасы жарылып, салдарынан қызыл су Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Бостандық заставасына дейін жеткен. Ең алғаш судың өткенін шекарада тұрған күзетшілер көріпті. Тасқын су сосын Қазақстанның территориясына өткен. Алдымен 2 мамыр күні түнгі сағат 1.30-да Жеңіс ауылын су алады. Артынша сол күні Жаңа тұрмыс ауылын да су басып кетеді.

Үшінші мамыр күні сағат түнгі 1:00-де бірде Фирдоуси, таңғы 11:00-де Достық ауылын, 4 мамыр күні Өргебас ауылын су алып кетті. Яғни, үш күн бойы аталған елді мекендерді су алды. Су әлі де келіп жатыр, бірақ алғашқы күндерден су деңгейі күн сайын 1-2 см азаюда. Кейбір жерде жердің қыртысына қарай су 10 см-ге дейін төмендеп жатыр. Жетісай ауданындағы канал арқылы қызыл суды ары қарай Өзбекстан аумағындағы Арнасай суатына жіберіп жатырмыз. Мен осында 2 мамыр күні түнде келдім. Ал жалпы жергілікті халықты судан құтқару үшін бірінші мамыр күні сағат түнгі бір жарымда аудан әкімі шешім қабылдады, - деді Бақытжан Жақсылықұлы.

Айта кетейік, жалпы ауданда 24 эвакуациялық пункт құрылған. Қазіргі кезде Атакент ауылында 3000-нан аса адам жатыр. Бес елді мекеннен бөлек, 14 елді мекенді де су келу қаупі бар деп көшірген болатын. Алайда, төнген қауіптің беті сейіліп, олардың барлығы да үйлеріне қайтарылған. Қазір эвакуациялық пунктте Нұрлы жол елді мекенінің ғана тұрғындары қалды.

Бүгінде Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан ТЖ қызметкерлері жиналып, жұмылдырылып жатыр. Қазір осында 192 қызметкер, 28 техника, 9 қайық, 58 мотопомпа авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үстінде. Себебі, ең қауіпті аймақ Нұрлы жол ауылдық округі. Округке қарасты Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылында әлі де су бар. Осы айтылған ауылдарда су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізге "ҚазСушар" РМК өкілдері суды қай бағытта айдау керектігін көрсетеді. Соған қарап, біз өрт сөндіретін үлкен насостарды суға салып, қашыртқы жұмыстарын жүргіземіз. Ол жерде құралдармен бір сорғанда секундына 100 литр суды сорып алады. Жалғанған насос арқылы суды 2 км жерге дейін тартады, - деді Бақытжан Запаров.

Біз бұдан кейін Атакент ауылындағы №14 колледжде орналасқан эвакуациялық орталыққа бардық. Карантин уақыты бітпегендіктен, медициналық сақтық шаралары қатаң қарастырылған. Фельдшер Ерғали Жақыпұлының айтуынша, мұнда екі дәрігер, екі фельдшер тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, әрбір тұрғындарды өз отбасымен тұратындай етіп, бөлек-бөлек орналастырыпты.

20200506_172807.jpg

Бізде қазіргі таңда 100 шақты адам жатыр. Бір кісілер келіп жатыр, бірі кетіп жатыр. Себебі, осында туысқандары бар. Медициналық бетперде күніне үш рет ауыстырылады. Бөлмелерге кварц қойылады, күн сайын дезинфекцияланады. Біз Асықата ауруханасынан келдік, бас дәрігері осында бөлді. Былтыр Арыста да дәл осылай көмек көрсеткенбіз. Мұнда тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті көрсетеміз, - деді фельдшер.
20200506_170607.jpg

Фельдшердің айтуынша, орталықта Жеңіс, Өргебас, Фирдоуси ауылының тұрғындары орналастырылған. Бұдан соң тасқын судан зардап шеккен Жеңіс ауылының 50 жастағы тұрғыны Құралай Тұрғанбаеваны сөзге тарттық. Оның сөзінше, ауылға су кешкі бестер шамасында келген. Алтыға шейін ауылдың ішінен шығып үлгерген.

Үйімді барып көргем жоқ, ағам барып көрді. "Төбесі түсіп кеткен, бармай-ақ қой қарындасым, барсаң жүрегің одан бетер ауырады" деген соң бармадым. Үйден ешқандай заттарымызды алып үлгермедік. Өзімізге тиесілі құжаттарды ғана алдық. Бірінші күні Қызыләскерде тұратын құдамыздың үйіне қондық. Одан кейін Қазығұрт деген ауылға барып жаттық. Кейін аудан әкімі осында келіп жатпасаңдар, тіркелмесеңдер үйсіз қаласыңдар деді. Сол үшін келіп тіркелдік. Әйтпесе, паналайтын жер жоқ емес бар. Жолдасым 2006 жылы қайтыс болған. Ұлым да осында. Үйім екі бөлмелі еді. Итім бар еді, иесіз қалды. Қазір мұнда жағдайымыз жақсы. Бізге өте жақсы қарап жатыр. Ешқандай шағымым жоқ, тек үй салып берсе болды. Баспана керек, далада қалып кетеміз бе деп қорқып отырмыз. Осында екі ай боласыздар деді. Карантин біткен соң ағайын-туыстарға бара беруге болатынын айтты. Сол карантинге бола осында отырмыз. Баламның ағайындары бар, солардың үйіне барамыз. Төркініме бара алмаймын, өйткені туған әпкем Қаламқас та осында жатыр, - деді зардап шегуші тұрғын.

Құралай апамен сөйлесіп болған соң келесі көрші есікке беттедік. Мұнда 6 баланың анасы Ақмарал Назарова тұрып жатыр. Ол да Жеңіс ауылынан келген, қазіргі кезде үш баласы қасында. Жолдасы су апатынан аман қалған малдарын бағуға кетіпті.

Құралай Тұрғанбаева Қаламқас Тұрғанбаева.jpg

Судың келе жатқанын өз көзімізбен көрдік. Ең алдымен 30 сәуір күні суды Жаңа тұрмыс ауылына келді деп естідік. Әкімшіліктен адамдар бізді шақырып алып, "Уайымдамаңыздар, жата беріңіздер" деді. Жайбарақат отырғанбыз. Сағат түнгі онда каналдар толып жатыр, 2 метр қалды. Түнгі сағат 11-лерде күйеуім құжаттарды жинай бер деді. Жетісайда атамыз бар, соған қоңырау шалдық. Ол келіп балаларды алып кететін болды. Негізі алты балам бар, бірақ қасымда үшеу еді. Себебі, үлкен үшеуі Алматыда еді. Наурыз айында оқушыларға демалысты ерте берді ғой. Сол кезде Алматыға кетті де, карантин басталып кетіп келе алмай қалды. Өзіңіз білесіз, жолдар жабылып қалды. Атамыз жасы келіп қалған кісі болғандықтан, мазасы болмай жүрген. Оны бүгін Жамбылда тұратын қызы үйіне алып кетті. Біз бірінші Жетісайға бардық. Ертесіне күйеуім 1 мамыр Жеңіс ауылын су басты деп айтты. Содан Қазығұрт ауылындағы ағамның үйіне бардық. Бірақ қашанғы біреудің үйінде отырамыз. Не киіміміз жоқ, не балаларымның памперсі жоқ. Мен біреуге памперс алып бер деп айта алмаймын ғой. Содан осында көмек беріп жатыр деген соң амалсыз келдік. Расында мұнда бізге өте жақсы көмек беріп жатыр. Баршасына рахмет. Үйден ештеңе алып үлгерген жоқпыз. Мен сізге шынымды айтайын, 30 күні шыққан киіммен жүрмін. Киім әкеліп жатыр, бірақ маған шағы жоқ екен. Мүлкіміздің бәрі қалды. Үйіміз бетон болғандықтан құламапты. Сырттан кіргенде алты бөлме еді. Үй салып бергенше осында екі ай тұрасыңдар деді. Әрине маған ешкім келме деп айтпайды. Бірақ ертең жол ашылған соң Алматыдан үш қызым келеді. Алты бала-шағамен кімнің үйіне сыямыз? Олардың да өз бала-шағалары бар. Одан да осында қаламын деп отырмын. Мал шығынымыз жоқ, алып шығыпты. Қазір күйеуім Бетонка маңы жақта сол малдарды бағып жүр, - деді тұрғын.

Әкімшіліктегі адамдар зардап шеккен тұрғындарға баспананы қай жерге салып береміз, сол жерге тұрасыңдар, ал Жеңіс ауылындағы үйлеріңіз келешекте өздеріңізге саяжай есебінде қалдырылады деген көрінеді. Ал Өргебас ауылының тұрғыны Динара Исаеваның айтуынша, оларға "көшіңдер" деген хабар келмеген.

Динара Исаева.jpg

Бізге жалпы көшіңдер деген хабар келген жоқ, су басардан бір күн алдын өзіміз шығып кеттік. Сол ауылдағы жатақханада тұратынбыз. Оның алдында кімдер тұрады, солар құжаты жоқ жатақхананы сатып кетеді. Сол үйді сатып алған едік. Үш балам бар, төртіншісіне аяғым ауыр. Бұл жерде жағдайымыз жақсы. Бірақ, қанша уақыт болатынымызды білмейміз. Алдын біздерді №119 мектептегі пунктке орналастырған болатын. Бірақ жүктілігіме байланысты осында ауыстым. Ол үшін Атакент әкімшілігіне, колледж директорына рахмет. Себебі, ертең босанып жатсам, балаларыма қарайтын адам керек. Мұнда жақын жерде әпкелерім тұрады. Үйден кетерде құжаттарды, балалардың бірсыпыра киімін алдық, мүліктің бәрі қалды. Бізге су деңгейі көкірекке дейін жетті деді. Бір тайымыз бар еді, қайда қалғанын білмейміз. Оны іздеуге мұршамыз жоқ. Мұнда барлығы жақсы, ас-ауқаты тойымды, балаларымның памперсі мен ойыншықтарына дейін, киімдерге дейін жеткізіп берді. Адамдарға рахмет. Тек, бір мәселе сол баспана болып тұр. Екінші ұлым аурушаң болып туылып, соны емдетемін деп көп шок алып едім, қазір де жалпы стресте шок болып жүрмін, - деді аяғы ауыр келіншек.

Фирдоуси ауылындағы тасқын судан қашып шыққан ұлты тәжік Сафаровтар отбасында бес бала бар. Барлығы жеті кісі аядай бөлмеде тұрып жатыр.

Хосият Сафарова.jpg

Бес баламен бәріміз 7 кісі сағат түнде екіде шошып ояндық. 2 май күні су келмей жатып балаларды алып қаштық, үйден ештеңе алған жоқпыз. Автобустар келді де, топ-топ қылып салып алып кетті. Осында таңғы сағат алтыда алып келді. Қазір барлық жағдайымыз жақсы, көмектесіп жатыр. Қажеттінің барлығын әкеп беруде. Үйіміз бес бөлмелі еді. Бұл жерде қашанға дейін отырамыз деп сұрап едік, 2 ай деді. Біздерге әкімшіліктен келген адамдар, депутаттар Жеңіс ауылын "дача" болып қалады, ал кейбіріне ақшасын береміз деп айтты. Ал мал басы аман. Осында бағып жатырмыз, - деді Хосият Сафарова.
20200506_165244.jpg

Келесі кезекте Жеңіс ауылының тұрғыны Тила Ашированың бөлмесіне бас сұқтық. Мұнда жалпы тоғыз адам тұрып жатыр. Айтуынша, эвакуациялық ошақта медқызметкерлер тік тұрып, қызмет көрсетуде.

Ең бастысы, басымыз аман, деніміз сау, адам шығыны жоқ. Бұл жерге келгелі жағдайымыз жақсы, медқызметкерлер күндіз-түні қан қысымымызды өлшеп, керек дәрімізді беріп кетеді. Тамағымыз тоқ. Суда қалған үйіміз бес бөлмелі болатын, заттың бәрі қалды. Тек қана құжатты алып үлгердік. Біздерге үйді салып береміз деп жатыр. Оның енді неше айда, қашан бітетінін білмейміз. Ол үйлерді Мырзакентке саламыз деп айтты. Халық қашанғы азық-түлік әкеле берсін. Олардың өздеріне де тамақ керек. Мұнда қанша уақыт отырамыз, білмейміз, - деді ауыл тұрғыны.

Зардап шеккен ауыл тұрғындарымен сөйлесіп болған соң Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакентте орналасқан облыстық штаб жетекшісінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен жолығып сөйлестік.

ed2887c2-beb0-4ec0-a3af-0cba4567c7a5.jpg

Тілші: Әлеуметтік желіде Мақтааралда болған тасқын су туралы түрлі ақпараттар желдей есті. Қайсысы жалған, қайсысы шынайы екенін білу үшін ресми ақпаратты тосып отырдық. Кейбір ақпаратта ең алғашқы кезде жергілікті тұрғындарға тасқын судың болатыны алдын ала айтылмаған деп жатты. Бұл қаншалықты рас?

– Мен ол әлеуметтік желідегі ақпараттар туралы айтпай-ақ қояйын. Біз сағат 12-де облыстық штаб құрылды деген ресми ақпаратты бердік. Бірақ, ол штаб жергілікті аудан деңгейінде сағат 17:00-де құрылған. Біздің облыстық Төтенше жағдай қызметкерлері Өзбекстандағы өздерінің ТЖ әріптестеріне хабарласып қауіп туралы ешқандай ақпарат ала алмады. Дегенмен, олар Жеңіс және Жаңа тұрмыс ауылдарын көшіруді бастады. Бірақ рас Өргебас, Фердоуси ауылдарына хабар кешігіп келді. Неге десеңіз, көрші елдің Су ресурстары министрлігімен хабардар болып, олар бізге қауіп жоқ, сендер жаққа су бармайды деді. Сөйтіп аудан әкімдігі "әзірге үйде отыра беріңіздер" деп хабар берді. Бірақ оған қарамастан су келе бастады. Ол мына алты шақырым Майданмен келді. Оны негізі тоқтатуға ешқандай мүмкіншілік болған жоқ. Бірақ сол Жантақсай, Мырзакент ауылдарына бөгет қойып, түні бойы жұмыс істеп суды тоқтаттық. 5400 адам көшірілді. Үш ауылды мекен және өз еркімен жеке көліктерімен көшкендер бар. Қазіргі су басқан 5 елді мекеннің 6128 тұрғыны бар, ал эвакуациялық пунктта 2000-нан астам адам жатыр. Қалғандары туған-туыстарында жатыр.

Тілші: Тасқын судан зардап шеккендер эвакуациялық пунктке келіп жатпаса, оларға өтемақы, басқа да шығындары берілмей ме?

– Иә, өйткені гуманитарық көмек тағы басқа шығын құжаттарын реттеуіміз керек. Ол адамды біз қайдан іздеп жүреміз? Бұлар әр жаққа тарап кеткен. Кейбіреулері Шымкентке кетіп қалған. Сол себепті талап еттік. Негізі эвакуациялық пунктке келіп тіркелудің себебі мынада. Тұрғындардың өтемақы, мал шығыны, егіс алқаптарының шығыны, баспана мәселесі, үйдің құжаттарын реттеп беру мақсатында жасалады. Себебі, сол жерде тіркегендіктен оларды біле аламыз, дәлелдей аламыз, ал құжаттары жоқ болса дұрыстап аламыз. Ол жерге жату міндетті емес, келіп тіркелсе болды.

Тілші: Жалпы, үй салу жұмыстары қашан басталады?

– Біз жұмысты су кеткен кезде бастаймыз. Жеңіс, Жаңа тұрмыс және Достық ауылдарына жаңа үйлер салу мәселесі шешілді. Мырзакент елді мекенінің шетінен 50 гектар көлемінде жер берілген. Сол жерге келесі аптадан бастап жаңа инфрақұрылыммен, әлеуметтік объектілермен 500-ге жуық жаңа мөлтекаудан сала бастаймыз. Ол жұмыстар келесі аптада басталады. Ал Фирдоуси мен Өргебас ауылдарының тұрғындарына үш түрлі ұсыныс жасалды. Біріншіден, өзге елді мекеннен жаңа үй салып беру, екіншісі суға кеткен үйлерін қалпына келтіріп беру немесе тұрғындар үйді өзіміз саламыз десе ақшалай өтемақысын беру. Аудан әкімдері олардың ел ағаларымен, ақсақалдарымен кездесіп, әңгімелесіп, жазбаша келісімін алып алады. Сондай-ақ, жұмыссыз қалған адамдарға сол объектілерге өз үйін салу үшін шақырамыз. Мердігерлер жалақысын төлеп тұрады. Бұл жұмыстар мемлекеттік комиссияның шешімімен бірінші тамызға дейін бітуі керек деп тұр.

Тілші: Ал мал шығындарын өтейсіздер ме? Оларды қалай есептеп жатырсыздар?

– Ауыл шаруашылығы министрлігі мен біздің облыстық ауыл шаруашылық басқармасы қосылып, ветеринария комитетімен бүкіл малдың құжаттарын реттеп, құжаттары болмаса, жоғалса аудан әкімімен және көршілерімен дәлелдеп, мал шығынының өтемақысын төлейді. Бұдан бөлек, су басып кеткен ауыл тұрғындарына әр отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден беріледі.

Тілші: Ал су астында қалған мүліктері ше? Олардың шығыны өтелмей ме?

– Былтыр Арыс қаласында да тұрғындар үйден бөлек мүліктерін де талап еткен. Олай болмайды. Ол мүлік болған, болмағанын дәлелдей алмайды. Үйдің әрбір мүшесіне жүз мыңнан төлегелі жатыр. Мұнда үлкен отбасылар көп. Былтыр Арыста 1 миллион 700 мың теңгеге дейін алған бір отбасы болды. Осындай қаржыға үйге қажетті техникаларды алуға болатын шығар.

Тілші: Эвакуациялық ошақта жатқан тұрғындармен сөйлесіп келдім. Әрқайсысының үйі әртүрлі, мәселен, біреуде екі бөлме, біреуде, бес бөлме дегендей. Жаңа мөлтекауданда ол үйлерді салатын болсаңыздар, қалай ескересіздер?

– Мұны алдын ала келіскенбіз. Жаңа мөлтекауданда 100 шаршы метрден кем де, көп те аспайтын үйлер салынады. Адамдар түсініп, рахметін айтуда.

Өзгелердің жаңалығы