Мамин жер учаскесіне берілетін құжат мерзімін 20 күнге дейін қысқартуды тапсырды

2 Желтоқсан 2020, 09:59
1397
Бөлісу:
Мамин жер учаскесіне берілетін құжат мерзімін 20 күнге дейін қысқартуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде ҚР премьер-министрі Асқар Мамин айтты.

Тағы бір маңызды мәселе – жер қатынастарын цифрландыру. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын жасау бойынша ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Ол жер учаскелері, құрылыстар мен ғимараттар жөніндегі деректерді қамтитын болады. Үкімет Парламентке «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру мәселелері жөніндегі» заң жобасын енгізді, - деді Мамин Үкімет отырысында.

Заң жобасы біршама қызметті электронды форматқа ауыстыруға, жер учаскелерін беру тәртібінің оңайлатылуына және жалпы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, үкімет басшысы бірнеше мәселеге тоқталып кеткісі келетінін айтты.

Бірінші, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне жылдың аяғына дейін агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын цифрландыру жөнінде жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Байланыс қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасына назар аудару қажет. Себебі онсыз заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мүмкін емес. Екінші, биылғы жылы жерді ғарыштан мониторингтеу бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. 2021 жылдың соңына дейін бүкіл республикаға 100% тарату үшін бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз. Үшінші, Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері және әкімдіктер келесі жылы жер қатынастарын цифрландыру, жер учаскелерін есепке алу және рәсімдеу процесінің ашықтығын арттыру, жер учаскесіне рұқсат құжаттарын беру мерзімін бір жылдан 20 күнге дейін қысқарту жұмыстарын аяқтасын, - деп Үкімет басшысы тапсырма берді.
Өзгелердің жаңалығы