Мамин қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

7 Мамыр 2020, 09:12
1401
Бөлісу:
Мамин қазақстандықтарды Отан  қорғаушылар күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Отанды қорғау - біздің халқымыз үшін қашан да қасиетті парыз, абыройлы міндет. Біздің бағзыдан жеткен сан ғасырлық тарихымызда көзсіз ерлік пен қаһармандықтың, елі мен жерін сүюдің, шынайы патриотизмнің жарқын үлгісі аз емес. Туған өлкенің тыныштығын қорғап өткен батыр бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері лайықты жалғастырып келеді. Біздің әскеріміз төтенше жағдай кезінде блокпосттардың жұмысын қамтамасыз ету, шет мемлекеттердегі отандастарымызды елге жеткізу, әскери дала госпитальдарын шұғыл орналастыру және т.б. міндеттерді тиімді шеше отырып, әскери дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар қазіргідей күрделі кезеңде Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті азаматтар және өзінің қызметтік борышын өтеп жүрген барлық қазақстандықтар ауқымды да маңызды жұмыс атқаруда. Баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір мен игілік тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы