Маман тапшылығы. Ауылдарға 1 мың дәрігер қажет – ДСМ

9 Қыркүйек 2022, 13:24
4149
Бөлісу:
Маман тапшылығы. Ауылдарға 1 мың дәрігер қажет – ДСМ
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, елді мекендерге маман тапшылығы байқалады. 

Бүгінде ауылда кадр тапшылығы сақталуда. Биыл жыл басында ол шамамен 1 мың маманды құрады. Ауылға медицина кадрларын тарту мәселелері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастар үш жыл  міндетті жұмыс мерзімін өтейді.  Бұл норма «Білім туралы» заңға 2012 жылы енгізілген. Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы және 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде баспаналы болуға жәрдемақы көзделген. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен елді мекендердегі мамандарды ынталандыру мақсатында әр дәрігерге 1-2 млн көлемінде қаражат бөлінеді. Атап айтқанда Қостанай әкімдігімен 5 млн, Солтүстік Қазақстан әкімдігімен 3 млн-ға дейін көтерме төлемдер төленеді, - деп атап өтті министр. 

Нәтижесінде 2020-2021 жылы ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына 1322 түлек жұмысқа орналасқан. 

Яғни жұмысқа тартылғандар 94%. Бұл – министрліктің әкімдіктермен бірлескен жұмысының көрсеткіші. Биыл ауылдық елді мекендерге медициналық білімі бар 797 түлек жолданды. Бұл жерде ауылда кадрларды бекіту маңызды мәселе, сондықтан медициналық кадр тапшылығын төмендету мақсатында жергілікті әкімдіктер кадрларды тарту және әлеуметтік қолдау жұмыстарын күшейтіп, жалғастыру қажет, - деді еліміздің бас дәрігері. 

Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство басшысы елдегі 200-дей ауылда медициналық мекемелер жоқтың қасы екендігін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы