Магистратура мен докторантураға қалай құжат тапсыруға болады?

29 Маусым 2021, 12:50
2050
Бөлісу:
Магистратура мен докторантураға қалай құжат тапсыруға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев жоғары оқу орындарына магистратура мен докторантураға құжат тапсыруға қатысты ақпарат берді.

Биыл магистратура және докторантураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Магистратураға құжаттарды қабылдау 18 маусым-15 шілде аралығында жүргізіледі. Докторантураға құжаттар тапсыру 3 шілде-3 тамыз аралығында қабылданады, - деді ол.

Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Ал докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өткізіледі.

Сонымен қатар кешенді тестілеу нәтижесі бойынша магистратураға білім беру гранттарын беру конкурсы 11-15 тамыз аралығында, докторантураға 22-24 тамыз аралығында жүргізіледі.

Магистратура мен докторантураға оқуға қабылдау 28 тамызда аяқталады.

Қазіргі уақытта магистратураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығы ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып жатыр. Оқуға түсуші өзінің электрондық поштасы арқылы тіркеліп, мәліметтерін толтырады, кейін магистратураға түсу бағдарламасы мен ЖОО-ны таңдайды. Магистратурада бір ғана білім бағдарламасы мен ЖОО таңдалынады, - деп түсіндірді Әділет Тойбаев.

Айтуынша, осы жылы кешенді тестілеу форматы өзгеріссіз қалады.

Айта кетейік, 28 маусымдағы ақпарат бойынша магистратураға түсуге 6 142 өтініш қабылданды. Талапкерлерге кешенді тестілеу мерзімі туралы ақпараттар жеке кабинеттеріне жолданады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін оқуға түсуші 30 минут ішінде онлайн форматта апелляцияға бере алады.

Өзгелердің жаңалығы