Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта оқиға болған үйдің тұрғыны Жәнібек Баймұханов куәлік берді. Ол бұл мекенжайда 2019 жылдан бері тұратынын және сотталушы Жұбаниязованы көрші ретінде танитынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің сөзінше, Жұбаниязованың ОСИ төрағасы ретіндегі жұмысына қатысты өзінде де, көршілерінде де шағым болмаған.
Жұбаниязова төраға болғаннан кейін, керісінше, барлық мәселе жеделірек шешіле бастады деп ойлаймын. Өйткені бізде құбырларға қатысты үнемі проблема болатын. Бүкіл үйге бір ғана тік құбыр желісі тартылған еді. Бір пәтерде құбыр жарылса, бүкіл үйді ауыстыруға тура келетін. Бұл мәселені біршама жедел шешуге мүмкіндік болды. Құбырларды бөліп тастады, – деді ол.
Баймұханов төрағаның үйді тексеріп жүргенін және ағымдағы жұмыстардың орындалғанын көргенін айтты. Оның айтуынша, кіреберістегі кафель ауыстырылып, электр қалқандары ретке келтірілген.
Куәгер үйдегі қандай да бір проблеманы 2019 жылы өз пәтерінде құрылыс жұмыстары кезінде байқағанын айтты. Бірақ кейін құлаған қабырға орналасқан жақтан ешқандай ақау көрмегенін жеткізді.
Құлаған жерде мен ештеңе көрген жоқпын. Ол жерде үнемі бітеу қабырға болды, кірпіш қаланған. Ештеңе көрмедім, – деді Баймұханов.
Куәгер 8 қарашадағы оқиғаның тікелей куәгері болғанын айтты. Оның сөзінше, сол күні таңғы сағат 10 шамасында балаларымен бірге сыртқа шыққан. Бірінші кіреберістің маңында тұрған кезде қатты гүрсіл естіп, үлкен шаң бұлтын көрген.
Қатты гүрсіл болады. Маған жарылыс сияқты көрінді, – деді ол.
Баймұханов балаларын қауіпсіз жерге апарып, оқиға орнына барған. Үйдің бұрышына жақындағанда шаңнан ештеңе анық көрінбегенін, бірақ адамдардың ыңырсыған дауысын естігенін айтты.
Ол көмектесуге ұмтылғанымен, жоғарыдан сынықтардың әлі де ұшып жатқанын көріп, жақындауға қорыққан.
Мен көмектесуге барсам ба деп ойладым. Бірақ жоғарыға қарадым. Жағдай тұрақсыз еді, сынықтардың бәрі ұшып жатты. Шынымен қауіпті болды. Мен кетіп қалдым, – деді куәгер.
Оның айтуынша, сол кезде бес қабатты үйден бір жас жігіт оқиға орнына қарай жүгірген. Баймұханов оның зардап шеккендердің бірін алып шыққан болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ мұны нақты көрмегенін, бұл тек болжамы екенін атап өтті.
Куәгер үйді айналып жүрген кезде екінші рет құлау болғанын айтты.
Бірінші және екінші құлаудың арасы 5-10 минут болды, – деді ол.
Осыдан кейін ол үйде болған әйеліне қоңырау шалып, сыртқа шығуын сұраған. Әйелі шыққан кезде ТЖД, полиция және екінші жедел жәрдем келген.
Баймұханов оқиға кезінде көрші «Jet Logistics» ғимаратында төрт кондиционер болғанын айтты. Алайда олардың бірінші құлаудан кейін нақты қай уақытта құлағанын анық айта алмады.
Нақты қай уақытта құлағанын және сол кезде орнында болған-болмағанын айта алмаймын. Бірақ кондиционерлердің сымдары шығып тұрғаны көрінді, – деді ол.
Куәгер зардап шеккендердің нақты санын өзі көрмеген, бесеу болғанын кейін топта жазылған ақпараттан білген.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.
Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.
Куәгер Ұлдана Мырзуан жарақат алып, қаза болған үйдің қазіргі жағдайы нашар екенін жеткізді.