Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер Константин Костенко үйдің қазіргі жағдайын «критикалық» деп бағалады. Оның айтуынша, тұрғындар қайғылы оқиғадан кейін үйдегі мәселелерге байланысты мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Костенконың сөзінше, апаттан кейін ғимаратта жаңа ақаулар пайда болған. Тұрғындар 29 тамызда үйдің кей бөліктеріндегі жабындардан жарықтар байқап, осыған байланысты Төтенше жағдайлар қызметін шақырған.
Біз 10 ай бойы барлық инстанцияға, барлық мемлекеттік органға жүгініп келеміз. Осы жексенбіде де Төтенше жағдайлар қызметін шақырдық. Адамдардың үй жабындары жарыла бастады. Бесінші қабатта төбеде жарық пайда болды, – деді куәгер.
Оның айтуынша, оқиға орнына Төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем және әкімдік өкілдері келген.
Костенко жөндеу жұмыстарының алдын ала құны 500 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін болуы мүмкін екені айтылғанын жеткізді. Алайда мұндай шығынды тұрғындардың өздері көтере алмайтынын айтты.
Біз бұл соманы 15-16 миллион теңгеден бөліп қарасақ та, мұны ешкім көтере алмайды, – деді ол.
Куәгердің айтуынша, тұрғындар аудан әкімдігіне бірнеше рет барып, үйдің жағдайына қатысты мәселе көтерген. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға ресми хаттар жолдаған.
Сотта Костенко 2025 жылғы 8 қарашадағы оқиғаға дейін үйдің қасбетін жөндеу мәселесі тұрғындардың жалпы жиналыстарында немесе үй чатында талқыланбағанын айтты.
Оның сөзінше, тұрғындар 2017 жылғы техникалық сараптама қорытындысымен таныспаған.
Біз 2017 жылғы сараптаманы көрген жоқпыз. Егер оны көрген болсақ, мәселені әлдеқашан көтерер едік. Неліктен бұрынғы төрағалар бұл құжатты тұрғындарға көрсетпегенін білмеймін, – деді Костенко.
Куәгер биыл сәуірде өткен жалпы жиналыста үй кеңесінің құрамына техникалық маман ретінде сайланғанын айтты. Бұған дейін де ол тұрғындардың бастамашыл тобына кіріп, инженерлік мәселелер бойынша үйдің бұрынғы және қазіргі төрағаларына көмектескен.
Костенко сондай-ақ ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың жұмысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Жұбаниязова тұрғындармен тұрақты байланыста болып, үйдің мәселелерін шешуге белсенді араласқан.
Сотта куәгер 2025 жылғы 8 қарашадағы оқиғаны да баяндады. Оның айтуынша, сол күні үйде болған кезде қатты гүрсіл естіп, терезеден шаң көтерілгенін көрген. Кейін сыртқа шыққан кезде оқиға орнына жедел жәрдем және басқа да арнайы қызметтер келген.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.
Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.