Мәдениет және ақпарат министрі Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 28 Қыркүйек 2026, 22:40
28 Қыркүйек 2026, 22:40
155
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Санкт-Петербургте өткен XII Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты. Іс-шараға 43 шетелдік ресми делегация қатысып, оның 18-ін мәдениет министрлері басқарды.

Форум аясында Арман Қырықбаев Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимовамен кездесті. Кездесу барысында Ольга Любимова Маңғыстау облысында қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның жұмысы және бірлескен жобалар сөз болды. Комиссияның бесінші отырысын 2027 жылдың бірінші жартысында Астанада өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар 8 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде Третьяков галереясының қорынан ХХ ғасыр өнеріне арналған көрмені ашу жоспарланғаны айтылды. Көрмеде 30 туынды ұсынылады. Тараптар Қазақстан Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» жобасын өткізу мәселесін де қарастырды.

Кездесу соңында Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Марапат оған Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Наверх