Мақтааралға отандық ИВЛ аппараттары жеткізілді

17 Шілде 2020, 19:40
1354
Бөлісу:
Мақтааралға отандық ИВЛ аппараттары жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен "Қазақстан Инжиниринг" АҚ-ы жасаған 10 ИВЛ аппараты республикада ең алғашқы болып Түркістан облысы Мақтаарал ауданына жеткізілді.

Ақмола облысы Көкшетау қаласында өндірілген отандық өнімді 2000-ға жуық шақырым жерден Мақтаарал ауданына алып келуге "Азала груп" компаниясы атсалысты. Аудан орталығындағы "Мырзакент" мақта зауыты мен Шымкент қаласындағы "Азала текстиль" фабрикасына иелік ететін компанияның басқарушы директоры Берік Қыдыралиев жасанды тыныс алу аппараттарын аудандық "Мырзакент" ауруханасы мен "Атакент" ауруханасына табыстады.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов аппараттарды жеткізуге атсалысқан барша азамттарға алғысын білдіріп, ауданда осындай жасанды тыныс алу аппараттарының санының өсуіне және дәрі-дәрмектердің жеткілікті болуына байланысты пневмониямен ауыратындардың саны тұрақтап жатқанын айтты.

ИВЛ аппараттарын ең алғашқы болып Мақтааралға бағыттағаны үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке аудан жұртшылығының атынан алғыс білдіреміз. Сондай-ақ, транспортировка жасап берген "Азала груп" компаниясының басшылығына рахметімізді айтамыз!" - деді Сәкен Сұлтанханов.

Айта кетейік, бұған дейін де "Азала груп" компаниясы медициналық бетперделер мен дезинфекциялық құралдарды тегін таратып, әрдайым қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылып келеді.

Өзгелердің жаңалығы