Ұлттық кеңес ұсынған заң Мәжілісте бекітілді

22 Сәуір 2020, 13:11
1404
Бөлісу:
Ұлттық кеңес ұсынған заң Мәжілісте бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық кеңестің бастамасымен саяси реформалар бағытында дайындалған кезекті заң жобалары бүгін Мәжілісте қаралып, бекітілді. Бұл туралы Президент кеңесшісі, Ұлттық кеңес үйлестірушісі Ерлан Қарин хабарлады. 

Бұл саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарға өзгерістер. Атап айтқанда, партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны екі есе азайтылды және партиялық тізімдерде әйелдер мен жастардың үлесі міндетті түрде 30 пайыз құру жөніндегі норма енгізілді. Бұл өзгерістерді қабылдау қажеттігі жөнінде Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған болатын - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, бейбіт жиын туралы заң жобасы секілді, бұл заң жобалары да кең талқылаулардан өткен.
Алдын ала арнайы порталда жарияланып, мемлекеттік органдардың жанындағы Қоғамдық кеңестерде, басқа да қоғамдық алаңдарда қаралды. Мәжіліс тарапынан құрылған жұмыс тобындағы талқылауларға да  Ұлттық кеңестің мүшелері (Андрей Чеботарёв, Марат Башимов, Төлеутай Рахымбеков, Дания Еспаева), белгілі заңгерлер, қоғам белсенділері, сарапшылар  қатысқан болатын. Сондықтан, бүгін Мәжіліс қабылдаған жаңа заң жобалары бұл бір жағынан, Президенттің маңызды саяси бастамаларына үлкен заңнамалық қолдау, екінші жағынан Ұлттық кеңестің нәтижелі жұмысының тағы бір көрінісі. Таяу уақытта, Мәжілісте Ұлттық кеңесте көтерілген тағы басқа  маңызды бастамалар қаралады, ол мысалы, парламенттік оппозиция туралы мүлдем жаңа норма -дейді Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы