LRT-ның атауы өзгереді

Бұл мәселе қалалық мәслихаттың отырысында қаралды.

Бүгiн 2026, 12:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 12:00
Бүгiн 2026, 12:00
220
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Отырыста Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) атауын өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

LRT-ға «Тарлан Астана» атауын беру ұсынылды. 

Оның айтуынша, жеңіл рельсті көлік жүйесіне атау беру жөнінде қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағынан түрлі ұсыныстар түскен.

Қазіргі таңда LRT елорданың негізгі қоғамдық көлік жүйелерінің біріне айналып келеді. Сондықтан жоба тек инженерлік немесе техникалық нысан ретінде ғана емес, тұрғындарға жеңіл айтылатын, есте сақталатын әрі заманауи бренд ретінде қарастырылуы қажет, – деді ол.

Оның сөзінше, халықаралық тәжірибеде мұндай көлік жүйелеріне қала мәдениеті мен ерекшелігін айқындайтын қысқа әрі бірегей атаулар беріледі. Осыған байланысты жаңа атау ұлттық болмысқа сай, халықаралық форматқа бейімделген және навигация жүйелерінде, мобильді қосымшалар мен ресми ақпараттық ресурстарда қолдануға ыңғайлы болуы керек.

Мәселе 2026 жылғы 3 маусымда өткен қалалық ономастика комиссиясының отырысында қаралған. Комиссия мүшелері бірнеше атау нұсқасын талқылаған. Олардың қатарында «Қыран», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар болған.

Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері жеңіл рельсті көлік жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Досжан Исабектің айтуынша, «Тарлан» атауы қазақтың тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Ол қазақ дүниетанымындағы еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік секілді қасиеттерді білдіреді.

«Тарлан Астана» атауы айтылуы жеңіл, есте сақтауға оңай және заманауи көлік жүйесінің серпінді сипатын көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық форматқа бейімделгендіктен, шетелдік қонақтар мен туристер үшін де қолайлы болмақ, – деді басқарма өкілі.

Бұған дейін LRT желісі Қосшы бағытында да салынатыны айтылған еді.

Наверх