Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Лос-Анджелес билігі коменданттық сағатты алып тастады

18 Маусым 2025, 12:19
531
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Лос-Анджелес билігі коменданттық сағатты алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі New York Post-қа сілтеме жасап.

Лос-Анджелес мэрі Карен Басс сейсенбі күні қала орталығында енгізілген коменданттық сағаттың күшін жойды. Бұл шектеу АҚШ президенті Дональд Трамптың иммиграциялық саясатына қарсы өткен наразылықтар кезінде полициямен қақтығыстар мен вандализм әрекеттеріне жауап ретінде енгізілген еді.

Бүгіннен бастап Лос-Анджелес орталығындағы коменданттық сағатты тоқтатамын. Вашингтоннан тараған бейберекет жағдайларға шұғыл әрекет етуді жалғастыра отырып, қажет болған жағдайда бұл шектеуді қайта енгізуге дайынмын. Лос-Анджелестің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы мен үшін басты басымдық, – деді Басс.

Бұған дейін мэр коменданттық сағаттың қылмыстың алдын алуға және тәртіпсіздіктерді басуға тиімді болғанын, сонымен қатар дүкендер, мейрамханалар, бизнес нысандары мен тұрғындарды вандализмнен қорғағанын атап өткен болатын.

Дүйсенбі күні мэр тәртіпсіздік азайғанын және ұсталғандар саны төмендегенін алға тартып, коменданттық сағаттың уақытын қысқартқан еді.

Еске салайық, коменданттық сағат 10 маусымда енгізілген болатын. Сол кезде Басс қалада 23 бизнес нысаны тоналғаннан кейін жағдайдың "бұрылыс нүктесіне" жеткенін айтқан. Бұл шабуылдарға арандатушылар себеп болды деп мәлімдеген.

Шектеулер Лос-Анджелестің орталық ауданына ғана қатысты болды, онда наразылық шерулері өткен. Коменданттық сағат жергілікті тұрғындарға, журналистерге және жедел қызмет өкілдеріне қолданылған жоқ. Сондай-ақ үйсіздер бұл шектеуден босатылды.

Трамп әкімшілігінің иммиграциялық саясатына қарсы жаппай наразылықтар Калифорнияда 6 маусымда басталды. Лос-Анджелестегі шерулер иммиграциялық қызметтің бірнеше рейдінен кейін өршіді. Рейд барысында ондаған адам ұсталған. Наразылық кезінде шерушілер полиция көліктеріне тас лақтырған, ал полиция бұқараны тарату үшін жарық-дыбыстық гранаталар мен резеңке оқтар қолданған.

Өзгелердің жаңалығы