«Қызыл аймақ»: Елордада коронавируспен ауырғандар саны екі есеге өсті

29 Наурыз 2021, 18:26
1859
Бөлісу:
«Қызыл аймақ»: Елордада коронавируспен ауырғандар саны екі есеге өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық жағдай және медициналық ұйымдардың коронавирустық инфекциямен күресуге дайындығы барысы туралы ОКҚ-де өтіп жатқан брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова баяндап берді.

Соңғы үш күнде Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 жағдайы күрт нашарлап, ауырғандар саны екі есеге өсті. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық республика деңгейінен 2,9 есе жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Бүгінгі күні эпидемиологиялық жағдай шиеленісіп тұр, - деді ол.

Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 20 күн бойы «қызыл аймақта» тұр. Күніне 350-ден 400-ге дейін жағдай тіркеледі. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 153,5-ті құрады, репродиктивтік саны - 1,79.

Осы жылдың басынан бері қала бойынша ауырғандар саны 11 мыңнан асты. Пандемия басталғалы бері 30 мыңнан астам жағдай тіркелді. Сырқаттанушылық динамикасы бойынша ақпанда қаңтар айымен салыстырғанда жағдайдың 25%-ға төмендегені байқалды. Соңғы аптада сырқаттанушылықтың өсу есебінен наурызда қаңтармен салыстырғанда 1,1 есеге артқаны байқалып отыр, - деп түсіндірді Сархат Бейсенова.

Қаңтарда 3 763 жағдай тіркелсе, ақпан айында 2 811 жағдай және наурыз айында 4 939 жағдай тіркелді. 

Атап айтсам, қаңтарда соңғы жарты жылдағы ең жоғары сырқаттанушылық тіркелген. Тәулігіне 346 жағдай тіркелген. Оның ішінде белгілері, симптомдары бар 231 жағдай, 115 симптомсыз жағдай, - дейді ол брифингте.

Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты.

Өзгелердің жаңалығы