Күршімде Абай алаңы ашылды

15 Қараша 2020, 14:08
2689
Бөлісу:
Күршімде Абай алаңы ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Шығыстағы Күршім ауданында Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай алаң ашылды. Бұл туралы Altaynews хабарлады.

Алаңның қақ ортасына хакімнің алып ескерткіші қойылды. Қоладан құйылған ақынның сұлбасының жалпы биіктігі – 6 метр. 10 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығында бұрын ұлы Абайдың есімі берілген бірде-бір нысан болмаған.

Сондықтан жалпы аумағы бірнеше гектар болатын орталық алаңға Абайдың есімі берілді. Ал саябақ толық абаттандырылып, жан-жағына жарық қойылды.

Бұл болашақта түрлі мәдени шараларды  түнде де өткізіп, халықтың емен-еркін серуендеуіне де мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ алаңның әр жеріне  музыкалы субұрқақ орнатылды. Ұзындығы 20, ені 10 метрлік су бұрқақты салуға аудандағы кәсіпкерлерде қол ұшын берді. 

Биыл Күршім ауданы орталығында 4 көшенің жолы толық жөнделіп, абаттандырылды. Бұл жұмыстардың бәрі шекаралық ауданды дамыту бойынша атқарылды. Ал аудандағы жалпы елді мекендердің инфрақұрылымын жөндеуге биыл 5 млрд-қа жуық теңге бөлінді.

Мұның бәрі халық үшін, кейінгі ұрпақ үшін. Ескерткіштің, алаңның үгіт-насихат, идеологияға маңызы өте зор. Біз негізі сөзімізді Абаймен бастап, ұрпақты Абаймен тәрбиелесек, келешекте ұтылмайтынымыз хақ, - дейді ақын Қасен Зәкәрия.

Өзгелердің жаңалығы