Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда оққа ұшыраған автобустардың бірінің жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтты. Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, полиция зардап шеккендер туралы айтпаған.
Бірақ куәгерлердің айтуынша, бір жолаушыға дәрігердің көмегі қажет болған.
№ 45 маршруттың жүргізушісі Ермек Сыздықовтың айтуынша, оқтың дыбысын естілмеген, тек кейбір жолаушылар дүрбелең кезінде автобустан шығып кетуге тырысқан. Ал кей жолаушылар автобустың сынған артқы терезесін ұстап тұрған.
"Терезеде үлкен тесік болды, барлығы шытынап кеткен. Оны жолаушылар түсіп кетпесін деп ұстап тұрды. Олардың үстіне құлап кетпесін деп ескерттім. Барлығы есеңгіреп қалған. Кейін 40-шы автобус келді. Онда полиция қызметкерлері болды. Оған екі оқ атыпты. Адамдар шошып, аялдамадан қашып жатты. Барлығы шулап, айқайлап жатты", - деді ол.
Барлығы 4 автобус зардап шеккен. Бір автобустың кондукторы Айдана Әубәрікованың айтуынша, бір жолаушы зардап шеккен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында зардап шеккен ер адамның қатты қорқып қалғанын айтты. Оған психологиялық тұрғыда көмек корсетілген, бірақ ауруханаға жатқызылмаған.
Полиция оқ атқан адамды іздестіруде. Ол не жолаушылар жолағы жағынан немесе жақын тұрған үйлерден де оқ атуы мүмкін деген нұсқалар қарастырылуда.
"Қазір қылмыскерді ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - деді полиция департаментінде.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда бұзақылар жолаушылар автобусына оқ жаудырғандығы туралы жазған едік. Оқиға 8 қазан күні кешкі сағат 19:00-де болған еді.