"Көшбасшылық" атты жаңа кітап қалың оқырманға жол тартты

27 Маусым 2019, 20:50
7313
Бөлісу:
"Көшбасшылық" атты жаңа кітап қалың оқырманға жол тартты
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыда журналист Шыңғыс Мұқанның "Көшбасшылық" атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. 

Аталған кітап “Мазмұндама” қоғамдық қорымен әзірленіп, 3 мың данамен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Автордың айтуынша, кітапта адамды, қоғамды дамытатын небір идеялар бар. 

“Соңғы екі жылда Америкада оқып көптеген тақырыптарды зерттедім, көптеген кітаптарды оқыдым. Оның ішінде лидерлік тақырыбы өзіме қатты ұнады. Осы тақырыптағы мықты шетелдік кітаптарды оқып отырып ондағы идеяларға таң қалдым. Және осыларды неге қазақшаға аудармасқа деп зерттей бастадым. Сөйтсем ағылшын тілінде көшбасшылық туралы 7.5 мың кітап шыққан екен. Соның ішінен мықты деген он кітаптың қаймағын қалқып алып, бір кітапқа мазмұндап сиғыздық. Сонымен қатар бұл кітапты оқыған адам тілді де үйренеді, яғни орысша, ағылшынша сөздермен сөздік қорын толтырып отырады”, - дейді Шыңғыс Мұқан. 

кош2.jpg

Кітптың таныстырылымына жазушылар, аудармашылар мен қаламгерлер қатысып, өз пікірлерін білдірді. ҚР президентінің кеңесшісі Мақсат Ысқақ мұндай кітап қазақ үшін, жалпы елге қажет дүние екенін айтады. 

“Бізде көптеген ойшылдар шықты. Жер көлемі әлем бойынша тоғыздыққа кіретін мұндай жерді ақымақ ел алып қала алмайды. Ол үшін мықты рух керек. Шын мәнінде көшбасшылық бізде болды. Көшбасшы кез келген жағдайда ұлттың ішінен суырылып шығады. Дегенмен мен осы көшбасшылықты арғы жағындағы тереңнен байланыстырғым келеді. Қазақ әр нәрсеге көңіл бөлген, біздің ұлылығымыз сонда. “Мықты адамдардың барлығының жер бесігі қандай болды, олардың тал бесігін кім тербетті, олар кімнің жан бесігінде тербелді” деген сөз бар қазақта. Бұл құнарлы жерден ғана үлкен дүниелер шығатынын көрсетеді. Көшбасшы деген алдымен өз отбасында, одан кейін әулетінде басшы бола білу керек. Сондай адамдар ғана қоғамды ерте алады. Осы мәселенің барлығын Шыңғыс бауырымыз кітабында жақсы жіліктеп жаза білген”, -дейді М. Ысқақ.

Ал Ана тілі газетінің редакторы Жанарбек Әшімжан мұндай істі білімі бар, тереңнен түсіне білетін білікті маманның қолға алғанына қуанышты екенін жеткізді. 

кош4.jpg

“Қазір кітап шығару ісімен екінің бірі айналысатын болды. Мұндай дүниеге абайлап бару керек, әіресе діни ұғымдарға. Небір қағанаттарды, империяларды кітаптар құлатқан. Кітапта қате ұғымдар кететін бола ол санаға кері соққы болады. Шыңғыстың кітап шығару ісіне араласуы тегін емес, оның әкесі журналист, жазушы болған адам, жалпы әулетімен журналистиканың бел ортасында жүрген адамдар Бұл кітабы қазақ қоғамына өз септігін тигізетін дүние болатынына сенемін”, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы