Коронавирус. Шымкентте 5 мыңнан астам оқушы карантинге жіберілді

20 Қыркүйек 2021, 21:43
22191
Бөлісу:
Коронавирус. Шымкентте 5 мыңнан астам оқушы карантинге жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте коронавируспен 210 оқушы ауырып жатыр, бес мыңнан аса оқушы карантинге жіберілген. 

Қалалық тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері қалада 71 мектептегі 181 сыныптың оқушылары коронавирус анықталған адаммен байланыста болғаны үшін карантинге жіберілген. 

Азаттықтың дерегіне қарағанда, жаңа оқу жылы басталған 20 күнде офлайн оқыған 210 оқушыдан коронавирус анықталған.

Қалалық білім басқармасының өкілі Гүлнәр Дәрібаева карантинге жіберілген оқушылар онлайн форматта оқып жатқанын айтады. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус жұқтырған оқушылар үйінде ем қабылдап жатқанын хабарлады.

Шымкентте 151 мемлекеттік, 48 жекеменшік мектеп бар. Мектептің барлығы оқу жылын офлайн форматта бастаған.

Халық саны жағынан республикада үшінші орында тұрған Шымкент қаласы (1,1 млн адам) қазір коронавирустың тарауы бойынша "сары аймақта" тұр. Індет басталғалы бері мұнда 39 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Қазір күніне қалада ондаған науқас тіркеліп жүр.

Елде "егер бір бала ауырса, онда тұтас сынып екі апталық карантинге жіберіледі" деген алгоритм бекітілген.

Өзгелердің жаңалығы