Көрерменді баураған қойылым: Астанада Cirque du Soleil-дің OVO шоуы қалай өтті?

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil театрының көптен күткен OVO шоуының қазақстандық премьерасы өтті.

Бүгiн 2026, 11:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 11:01
Бүгiн 2026, 11:01
159
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

4 маусымда елордалық «Барыс Арена» бірнеше сағатқа қанқыз, шегіртке және басқа да таңғажайып тіршілік иелері мекендеген алып, қиял-ғажайып әлемге айналды. Дәл осы жерде әлемге әйгілі Cirque du Soleil театрының көптен күткен OVO шоуының қазақстандық премьерасы өтті. Аңызға айналған канадалық компания өздерінің ең танымал қойылымдарының бірін елге алғаш рет әкеліп, бір шаңырақ астына мыңдаған көрерменді жинады.

BAQ.KZ тілшісі премьералық көрсетілімге барып, жылдар бойғы дайындық, жүздеген маман мен тоннаға жуық техникалық жабдықтың артында жатқан сиқырдың қалай туатынына куә болды.

OVO – цирк өнерінің тілімен баяндалған хикая. Қойылым көрерменді жәндіктердің жарқын әлеміне жетелейді. Ондағы махаббат пен бәсекелестік, достық пен шытырман оқиғалар әлемдік деңгейдегі акробатикамен, жанды музыкамен және әсерлі визуалды шешімдермен астарласып жатыр.

Cirque du Soleil үшін бұл сапар Қазақстан тарихындағы екінші айналым ғана болды. 42 жылдық тарихында компания ондаған елді аралап үлгергенімен, біздің елге жиі ат басын бұра бермейді. Сондықтан OVO шоуының келуі биылғы жылдың ең маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналғаны таңғаларлық емес.

Көрермендер арасында бұл кешті көптеген жыл күткенін айтқан Астана тұрғыны Айдана Ибраева да болды.

Мен бұрыннан бері Cirque du Soleil-дің жанкүйерімін және олардың қойылымдарын көп жылдан бері бақылап келемін. Шоудың Қазақстанға келетіні белгілі болғанда, мұндай оқиғадан тыс қала алмайтынымды бірден түсіндім. Тіпті әртістерді өз көзіммен көру үшін Австрияға сапарымды кейінге шегердім. Біз отбасымызбен, балаларымызбен келдік. Өйткені мен осы әсерлерді олармен бөліскім келді. Кейбір нөмірлер адам мүмкіндігі тұрғысынан мүлдем мүмкін еместей көрінеді. Шоудан кейін ұлым тіпті гимнаст болғысы келетінін айтты. Бұл – өмір бойы есте қалатын оқиға. Бұл жай ғана цирк емес, нағыз өнер туындысы, – дейді ол.

Өзің сенетін жәндіктер әлемі

OVO сахнасында 53 әртіс өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада ойындарының қатысушылары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, әртүрлі елдердің ұлттық құрамаларының өкілдері және кәсіби акробаттар бар. Ал музыкалық сүйемелдеуге жеті музыкант, бір вокалист және қойылымның белді қатысушыларына айналған үш сайқымазақ жауапты.

Шегірткенің рөлін сомдаушы Дмитрий Федоровский шоудың негізінде қарапайым, бірақ жүрек тебірентерлік оқиға жатқанын айтып берді.

Оқиға көрермендердің Флип есімді басты кейіпкермен танысуынан басталады. Сюжеттің орталығында тұтас бір оқиғалар тізбегіне себепші болатын жұмыртқа тұр. Кейіпкер оны ұрлап әкетеді, содан кейін қайтаруға тырысады. Ал осы оқиғаның айналасында қуғын-сүргін, шытырман оқиғалар мен басқа кейіпкерлермен кездесулер өрбиді. Желі бойынша Флип Қанқызға ғашық болады, сондықтан OVO-ны махаббат, достық және жәндіктердің таңғажайып әлеміндегі бір күн туралы ертегі деп атауға болады, – деді Дмитрий Федоровский.

Көпжылдық гастрольдік сапарлар барысында OVO шоуын бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермен тамашалады. Соған қарамастан, қойылым уақытпен бірге дамып, жетіліп келеді.

Cirque du Soleil өкілі Жани Малле Қазақстан бұл шоудың маршрутындағы 47-ші ел және қойылымның жаңартылған нұсқасын алғашқылардың бірі болып тамашалаған мемлекет екенін айтты.

Қазақстан OVO гастрольдік сапарының тарихындағы 47-ші ел болды. Сондықтан бұл қойылымды жергілікті аудиторияға ұсыну – біз үшін үлкен мәртебе. Шоу үстіндегі көпжылдық еңбектен кейін, бүгін кешке көрермендердің ықыласы мен реакциясын көріп-білу біз үшін өте ерекше сәт болды. Кейбір көрермендер маған көздеріне жас алғандарын айтты. Жанымда кішкентай баласы бар отбасы отырды. Ол бала қойылым аяқталғанша сахнадан көзін алмай, болып жатқан оқиғаға бар ынтасымен беріліп, аузын ашып тамашалады. Дәл осындай сәттер өмірлік естелікке айналады және біздің бұл іспен не үшін айналысатынымызды есімізге салады. Бұл кеш шынымен де қайталанбас болды, біз көрермендермен жаңа кездесулерді асыға күтеміз!, – дейді ол.

Малленің айтуынша, шамамен бір жарым жыл бұрын команда қойылымды толығымен қайта өңдеп шыққан. Декорациялар, музыка, костюмдер, сайқымазақтардың сахналары мен кейіпкерлер жаңартылып, ал бағдарламаға жаңа акробатикалық нөмірлер қосылған.

Бір ғана шоу үшін екі ұшақ

Екі сағаттық қойылымның артында орасан зор ұйымдастыру жұмыстары жатыр.

OVO шоуымен бірге әлем бойынша үнемі жүзге жуық адам бірге саяхаттайды. Олардың қатарында әртістер, инженерлер, жарық пен дыбыс мамандары, логистика қызметкерлері және әкімшілік команда бар. 

Қазақстанда гастрольдік сапарды өткізу үшін ауқымды көлік операциясын ұйымдастыру қажет болды.

Қазақстан үшін бұл – бірегей тәжірибе. Шоуды өткізу үшін екі жүк ұшағы мен 200 тоннаға жуық жабдықты жеткізу керек болды. Оның ішінде декорациялар, бутафория, сахналық жарық және дыбыс жабдықтары, костюмдер мен әртістердің жұмысына қажеттінің бәрі бар. Бұл – Қазақстан тарихында қабылданған ең ауқымды халықаралық жобалардың бірі, – деп атап өтті Freedom Events өкілі Виктория Торгунакова.

Гастрольдік сапарға дайындық афишалар пайда болып, билеттер сатыла бастағаннан әлдеқайда бұрын басталған.

Шоудың келуіне дайындық бір жарым жылдан астам уақытты қамтыды. Сату басталғанға және түпкілікті келісімшартқа қол қойылғанға дейін жарты жыл бұрын біз Cirque du Soleil командасымен бірге алаңға техникалық инспекция жүргіздік. Біз үшін нысанның барлық талаптарға сай келетініне және осындай деңгейдегі шоуды қабылдауға қауқарлы екеніне көз жеткізу маңызды болды, – деп түсіндірді Freedom Events өкілі.

Оның айтуынша, OVO шоуын өткізу Қазақстанды халықаралық ойын-сауық индустриясы картасында одан ары таныту үшін маңызды қадам болуы мүмкін.

Осыдан кейін Қазақстанды бұдан да ауқымды халықаралық жобалар күтеді деп қатты үміттенемін. Біз үшін OVO – шынымен де алға жасалған үлкен қадам. Өйткені бұл шоу әлемдік бестселлер болып табылады және әртүрлі елдердегі миллиондаған көрерменді баурап алған. Бүгін біз Cirque du Soleil-дің бұл ғаламат қойылымын өз көзімен көрген әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіне айналғанымызды мақтан тұта аламыз, – деп толықтырды Торгунакова.

Сақтандыру арқансыз, бірақ мыңдаған сағат дайындықпен

Көрермендер тек жеңілдік пен сұлулықты ғана көреді. Ал оның артында толассыз жаттығу сағаттары тұр.

Қызығы, әртістер көптеген ең күрделі элементтерді ешқандай сақтандыру арқанынсыз орындайды. Дәл сол себепті әрбір нөмір көрерменмен кездесуден әлдеқайда бұрын кемеліне жеткізіледі.

Маған Cirque du Soleil-дің басты ерекшеліктерінің бірі – көптеген күрделі акробатикалық элементтердің сақтандырусыз және қосымша қолдаусыз орындалуы сияқты көрінеді. Бірақ нөмірді көрермендер тамашаламас бұрын, әрбір трюк жаттығулар мен репетицияларда сан мәрте пысықталады. Тек осыдан кейін ғана ол шоудың бір бөлігіне айналады, – деп атап өтті әртіс.

Сахна сыртында әртістерді тағы бір ерекше міндет күтіп тұрады. Олардың әрқайсысы өзінің сахналық образын өз бетінше дайындайды.

Cirque du Soleil-де әр әртіс гримін өзі жасайды. Бұл өнерге бізді алғаш рет 2017 жылы үйреткен кезде, маған образды жасау үшін шамамен бір жарым-екі сағат уақыт керек болатын. Қазір көпжылдық тәжірибенің арқасында бұл тапсырманы 10–15 минуттың ішінде орындай аламын, – дейді Дмитрий Федоровский.

Кейбір нөмірлер небәрі бірнеше минутқа ғана созылғанымен, әртістердің өздері бүкіл кеш бойы қойылымның ажырамас бөлігі болып қала береді.

Шоудың өзі екі сағатқа жуық уақытқа созылады. Осы уақыт ішінде біз әртүрлі сахналарға, би эпизодтарына қатысамыз және басқа кейіпкерлермен өзара байланыста боламыз. Менің негізгі нөмірім шамамен жеті минутқа созылады, бірақ сахнада одан әлдеқайда ұзақ боламын, – деді әртіс.

Қазақстан шоуды тағы он рет тамашалайды

Астанадағы премьера гастрольдік сапардың бастамасы ғана болды. Елордадағы OVO қойылымдары 7 маусымға дейін жалғасады, содан кейін шоу алғаш рет Алматыға жол тартады. Алматыдағы көрсетілімдер 11-14 маусым аралығында «Almaty Arena» алаңында өтеді.

Қазақстандық тур аясында барлығы 14 қойылым ұсынылады. Ұйымдастырушылар бұл көрсетілімдерді 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтуде.

Қанық түсті костюмдер, жанды музыка, ауқымды декорациялар мен физика заңдарына бағынбайтын акробатика OVO-ны жай ғана цирк шоуы емес, қиял әлеміне жасалған нағыз саяхатқа айналдырды. Алғашқы көрермендердің ықыласына қарағанда, бұл саяхат осы жаздың ең жарқын естеліктерінің бірі ретінде әлі ұзақ уақыт есте қалмақ.

BAQ.KZ – Cirque du Soleil-дің Қазақстандағы гастрольдік сапарының ресми ақпараттық серіктесі.

Еске салайық, бұған дейін Cirque du Soleil әртістері Қазақстан туралы алғашқы әсерлерін айтты.

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil Астанаға не алып келетіні де хабарланды

Наверх