- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Бауырсақтың дәмі әлі таңдайымызда»: Cirque du Soleil әртістері Қазақстан туралы алғашқы әсерлерін айтты
«Бауырсақтың дәмі әлі таңдайымызда»: Cirque du Soleil әртістері Қазақстан туралы алғашқы әсерлерін айтты
OVO шоуының халықаралық командасы Қазақстанға тәнті болды
Бүгiн 2026, 19:44
Әлемге әйгілі Cirque du Soleil ұжымы Қазақстанға келді. Енді санаулы күннен кейін астаналық және алматылық көрермендер аты аңызға айналған OVO шоуын тамашалай алады.
Шоудың премьерасы жақындаған сайын қызығушылық та артып келеді. Қазірдің өзінде көптеген көрсетілімдердегі ең сұранысқа ие орындар сатылып кеткен. Ұйымдастырушылар билет алуды кейінге қалдырмауға кеңес береді. Өйткені Қазақстандағы гастрольдік бағдарлама шектеулі күндерге ғана жоспарланған.

Билеттерді Астана мен Алматы қалаларындағы көрсетілімдерге, сондай-ақ www.cirquedusoleil.com/ovo сайты арқылы сатып алуға болады.
OVO шоуының халықаралық құрамында әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман бар. Олардың қатарында Бразилия, Канада, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей және басқа мемлекеттердің өкілдері жұмыс істейді.
Қазақстанға тек акробаттар мен әртістер ғана емес, сондай-ақ жарық және дыбыс режиссерлері, техникалық мамандар, шығармашылық топ, әкімшілік қызметкерлер мен аспаздар да келді. Себебі Cirque du Soleil қойылымдарының артында үлкен әрі үйлесімді халықаралық команда тұр.

OVO by Cirque du Soleil шоуының аға PR-менеджері Жани Малле Қазақстаннан алған әсерімен бөлісті.
Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Біз ұлттық оркестрдің өнерін тамашалап, жергілікті тағамдардан дәм таттық. Әсіресе бауырсақ ерекше әсер қалдырды. Мұнда адамдар өте қонақжай әрі жылы жүзді екен. Бірнеше күн бойы қаланы аралап, өңірдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік алдық. Енді қазақстандық көрермендермен кездесуді асыға күтіп жүрміз, - дейді Жани Малле.
Айта кетейік, Қазақстандағы гастрольдерді өткізу үшін арнайы екі жүк ұшағымен шамамен 200 тонна жабдық жеткізілген. Оның құрамында алып декорациялар, сахналық конструкциялар, жарық пен дыбыс жүйелері, жүздеген костюм және шоуға қажетті барлық техникалық жабдық бар.

OVO шоуы 4-7 маусым аралығында Астанадағы Barys Arena сахнасында өтеді. Ал 11–14 маусым күндері қойылым алғаш рет Алматы қаласында, Almaty Arena аренасында көрсетіледі.

Жалпы Қазақстандағы әлемдік тур аясында 14 қойылым жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шоуды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды. Cirque du Soleil-дің 42 жылдық тарихында бұл компанияның Қазақстанға екінші рет келуі. Алғаш рет әйгілі ұжым елімізде EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде өнер көрсеткен болатын.

OVO — Cirque du Soleil репертуарындағы ең танымал қойылымдардың бірі әрі бүгінде әлем бойынша гастрольдік сапармен жүріп жатқан жалғыз arena show бағдарламасы. Осы уақытқа дейін оны әлемнің түкпір-түкпірінде 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған. 2026 жылғы жаңа нұсқа арнайы әлемдік тур үшін визуалды және техникалық тұрғыдан толық жаңартылған. OVO көрермендерді жәндіктер мекендейтін таңғажайып әлемге жетелейді. Португал тілінде «жұмыртқа» деген мағынаны білдіретін жұмбақ «ovo»-ның пайда болуы бұл әлемдегі тіршілікті астаң-кестең етеді. Дәл осы сәттен бастап қызыққа толы оқиғалар мен ерекше махаббат хикаясы басталады.

Көз ілеспес акробатикалық трюктер, әсерлі декорациялар, жанды музыка және Cirque du Soleil-дің өзіндік сахналық тілі көрермендерді бірнеше сағатқа мүлде басқа әлемге алып кетеді. Бұл шоу — жай ғана қойылым емес, ұмытылмас эмоция сыйлайтын ерекше әсер. Сондықтан әлемнің әр түкпірінде көрермендер OVO туралы ұзақ уақыт айтып жүреді, ал ең әсерлі сәттер әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинайды.
Айта кетейік, El.KZ пен BAQ.KZ сайттары өнер ұжымына ақпараттық серіктес болып отыр.
Ең оқылған:
- Жаңа 500 теңге: Ұлттық банк маңызды мәлімдеме жасады
- Әл-Фарабидағы қайғылы оқиға: Мас күйінде көлік айдаған кәсіпкердің соты басталды
- Ақмола облысында көкпар кезінде жасөспірім көз жұмды
- Тоқаев: Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асты
- Садыр Жапаров ЕАЭО саммитіне қатысу үшін Астанаға келді
Айым Серікбайқызы