Қордайдағы жағдай тұрақты, барлық залалдың орны толтырылды – Сапарбаев

2 Желтоқсан 2020, 14:15
1556
Бөлісу:
Қордайдағы жағдай тұрақты, барлық залалдың орны толтырылды – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай мәселесіне тоқталды.

Қазір Қордайдағы жағдай тұрақты. Барлық залал орны толтырылды. Биыл бір ғана Қордай ауданына 35 млрд теңге ақша бөлінді. Соның нәтижесінде жаңадан 4300 жұмыс орны ашылды. Қордай ауданының көптеген мәселесі, жол, ауызсу проблемасы шешілді. Ауданда халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 95 пайызға жетті (жыл басында 47 пайыз болған). Кәсіпкерлік бағытында да өсім бар. Кейбір баспасөз құралында «дүнгендер басқа жаққа көшіп кетті, кәсібін жалғастыруға кедергі жасап жатыр» деген ақпарат тарап жатыр. Бұған қатысты да зерттеу жүргіздік. Олар бұрынғыдай Қордай, Шу ауданында, көршілес Алматы және Қарағанды облыстарында жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір дүнген Ресейге немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен жоқ, - деді әкім.

Бердібек Сапарбаев Қазақстан үшін қазір ең керегі – барлық ұлт өкілдерінің бірлігі екенін еске салды.

Қазақ халқы ашаршылық болсын, соғыс немесе репрессия болсын бір үзім нанын қасындағыларға бөліп берген. Ол туралы Елбасының айтқанын, берген тапсырмасын білесіздер. «Қазақ халқына мың алғыс» монументін аштық. Ол жерде тек бюджеттің ғана ақшасы жұмсалған жоқ, кәсіпкерлер де, демеушілер де көмек көрсетті. Осы ретте «індет қашан тоқтар екен» деп күтіп отырмай, мұнда да бірлігімізді көрсетуіміз керек. Біз бірліктің арқасында ғана кез келген қиындықты жеңгенімізді білдіріп, осындай қиын кезеңде жұмыс істеген дәрігерлер, полиция қызметкерлері, еріктілерге алғыс айтудың өскелең ұрпаққа деген тәрбиелік мәні бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы