Желіде Алматыдағы Алма-Сити 4 тұрғын үй кешенінің тұрғындары футбол алаңында ұйықтап жатқан сәті бейнеленген видео тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған кадрлар қоғамда қызу талқыға түсті. Пікірлер сан түрлі болды – бірі күлкімен қабылдаса, енді бірі түсіністікпен қарады.
Бейнежазбада екі адамның жасанды газонның үстіне көрпе-жастық жайып, жайғасып ұйықтап жатқаны байқалады. Мұндай ерекше түнейтін орын көпшілікті таңғалдырған.
Жазғы ыстықта және пәтерлердегі ауаның тарлығына байланысты далада ұйықтауға мәжбүр болған жандарға желі қолданушылары жанашырлық танытты.
"Не істесін енді, үйде кондиционер жоқ болса ұйықтау мүмкін емес қой! Мен өзім балконда жатам", "Матрас, жастық – бәрі бар. Қаңғыбастар емес, кәдімгі адамдар ғой", "ұйықтап жатыр, айқайлап, ішімдік ішіп жатқан жоқ. Тыныш. Неге бәрі бірден ренжиді? Бір-бірімізге төзімді болайық", – деді түсіністік танытқан жандар.
Сондай-ақ бұл жағдайға ирониямен қарағандар да табылды.
"Ойбу, ипотеканы төлей алмаған шығар", "Бүкіл кредитті жапқаннан кейінгі – тыныш ұйқы", "футбол ойнап шаршап, демалып жатыр", - деп пікір білдіргендер де болды.