Көпіріндегі сұмдық апат: Астанада екі адамның өліміне себеп болған жүргізушіге үкім шықты

Астанадағы Сарайшық көпірінде болған қайғылы жол апатынан кейін сот шешімі жарияланды. Жүргізушіге қандай жаза тағайындалды?

Бүгiн 2026, 17:31
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 17:31
Бүгiн 2026, 17:31
107
Фото: ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Апаттың мән-жайы

Оқиға 2026 жылдың қаңтар айында Астанадағы Сарайшық көпірінде болған. Сотталушы К. автокөлікті басқарып, Түркістан көшесі жағынан Бауыржан Момышұлы көшесі бағытына қарай қозғалған.

Сот мәліметінше, жүргізуші көлік қозғалысы тығыз учаскедегі жол жағдайын ескермеген, жылдамдықты төмендетпеген және жолдағы ахуалға жеткілікті деңгейде назар аудармаған. Соның салдарынан ол көлікті басқара алмай қалып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен және басқа автокөлікпен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан қарсы көлікте отырған екі жолаушы көз жұмды.

Соттағы тараптардың ұстанымы

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Мемлекеттік айыптаушы оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар

Сот айыпталушының жауапкершілігін жеңілдететін бірқатар мән-жайды ескерді. Атап айтқанда, оның кінәсін толық мойындауы, жасаған ісіне шынайы өкінуі, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтеуі назарға алынды.

Сонымен қатар сотталушының қаза тапқандардың туыстарымен татуласқаны және олардың оны кешіргені анықталды. Іс бойынша жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар белгіленген жоқ.

Сот шешімі

Сот К.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, оған 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін осыған ұқсас жол апаты салдарынан Қостанайда да екі адам қаза тапқан. Жүргізушіге сот үкімі шыққан болатын.

Тағы оқи отырыңыз: Астана мен Көкшетау арасындағы тасжолда жантүршігерлік жол апаты: 5 адам жарақат алды 

Жантүршігерлік жол апаты: Астанада эвакуатор аялдаманың күл-талқанын шығарды  

Наверх