Google өз қызметтерін бәсекелестерге қарағанда артық насихаттағаны үшін 1 миллиард доллар айыппұл төлеуге міндеттелді

Еуропалық комиссияның мәліметінше, компания Google іздеу жүйесі мен Google Play қосымшалар дүкенінде өз қызметтеріне бәсекелестерге қарағанда артықшылық берген.

 depositphotos.com 24 Шілде 2026, 04:25
24 Шілде 2026, 04:25
292
Фото: depositphotos.com

Еуропалық комиссияның мәліметінше, компания Google іздеу жүйесі мен Google Play қосымшалар дүкенінде өз қызметтеріне бәсекелестерге қарағанда артықшылық берген.

 

Атап айтқанда, іздеу нәтижелері Google-ға тиесілі сервистерді жиірек көрсететіндей етіп жасалған. Мысалы, пайдаланушылар әуе билеттерін, қонақүйлерді немесе мейрамханаларды іздеген кезде алдымен Google-дың өз қызметтері ұсынылған. Ал бәсекелес компанияларға іздеу жүйесі арқылы клиент тарту қиындай түскен.

Еурокомиссияның шағымдары Google Play қызметіне де қатысты болды. Реттеушінің пікірінше, Google әзірлеушілердің пайдаланушыларға жазылымды, қосымшаны немесе цифрлық қызметті Google Play-ден тыс жерде арзанырақ сатып алуға болатыны туралы хабарлауына шектеу қойған. Осылайша компания өз платформасы арқылы жасалған төлемдерден комиссия алуды жалғастырған.

Ең жақсы өнімдер компанияның іздеу жүйесіне иелік ететіндіктен емес, шын мәнінде сапалы болғандықтан ғана табысқа жетуі керек, – деді Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Тереса Рибера.

Оның айтуынша, әзірлеушілер Google комиссия алмайтын болса да, пайдаланушыларды тиімдірек ұсыныстарға бағыттай алуы тиіс.

Айыппұл Еуроодақтың Цифрлық нарықтар туралы заңы (Digital Markets Act) аясында салынды. Бұл заң пайдаланушылар мен бизнестің цифрлық қызметтерге қол жеткізуін бақылайтын ең ірі технологиялық платформаларға қолданылады. Еуроодақ мұндай компанияларды «қолжетімділікті бақылаушылар» (gatekeepers) деп атайды.

Олардың қатарына Google компаниясының иесі Alphabet, сондай-ақ Amazon, Apple, Meta, Microsoft және TikTok иесі ByteDance кіреді. Еуропа заңнамасына сәйкес, бұл компаниялар өз платформаларын жеке қызметтерін әділетсіз түрде ілгерілетуге немесе бәсекелестерді шектеуге пайдаланбауы керек.

Google бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеді. Компанияның жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Кент Уокер Еуроодақ талаптары еуропалық пайдаланушылар мен бизнес үшін қызметтердің сапасын төмендетуі мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, компания іздеу жүйесіндегі қонақүйлердің бағасы, әуе билеттерінің қолжетімділігі немесе мейрамханалардағы бос орындар туралы ақпаратты бірден көрсететін кейбір мүмкіндіктерді алып тастауға мәжбүр болады. Сондай-ақ Google Play-дегі өзгерістер пайдаланушыларды қауіпті қосымшалар мен қауіпсіз емес төлемдерден қорғауды әлсіретуі мүмкін.

Бұған дейін Google Еуроодақтың Android операциялық жүйесіне қатысты салған 4,1 миллиард еуро көлеміндегі тағы бір антимонополиялық айыппұлды сотта даулай алмай қалған болатын. Сол кезде компания Android жүйесіндегі үстем жағдайын өз қосымшаларын ілгерілету және бәсекелестікті шектеу үшін пайдаланды деп танылған.

Жаңа шешім Еуроодақ пен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіруі мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Еуропаның цифрлық нарықтарға қатысты ережелерін сынап, америкалық технологиялық компанияларға айыппұл салынса, жауап шараларын қабылдайтынын мәлімдеген еді.

Наверх