Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

13 Мамыр 2023, 09:26
2723
Бөлісу:
Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр
PHOTO
Фото: автордан

Қостанайдағы жетім-жесірлер мен мүгедектер, көпбалалы аналар тарақандар мен қандалалардың арасында күнелтуге мәжбүр, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңіріндегі тілшісі.

Жалпыға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастасақ. Қостанай қаласындағы Қобыланды батыр көшесінде орналасқан отыз жетінші үйде «Қостанай қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ баспана берген тұрғындардың әлжуаз санатын құрайтын жетім-жесірлер мен мүгедектер, көпбалалы аналар мекендеп жаттыр. Бірақ соңғы жылдары «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» демекші осы ескі жатақханада мекендеп жатқан тұрғындар қаптаған тарақандар мен қандалаларға қарсы қалай күрес жүргізсе де ешбір нәтиже берер емес. Өкініштісі, сол жыбырлаған жәндіктердің арасында әбден мезі болған тұрғындар қаншама рет қалалық әкімдіктен заласыздандыру жұмыстарын жүргізуіді сұрап барса да, құлақ асар ешкімді таппай отыр. Оны бізге осында барар жері, басар тауы жоқтықтан амалсыз мекендеп жатқан тұрғындардың өздері айтып берді.

Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

Жақында мен үйдегі барлық жиһазды лақтырып тастауға мәжбүр болдым. Баспанама өзім екі рет заласыздандыру жұмыстарын жүргіздім. Біздің осыдан кейін жарты ай ғана ұйқымыз тыныш болды. Өйткені одан кейін қансорғыш қандалалар қайтадан біздің тұрақты тұрғындарымызға айналды. Менің екі кішкентай баламды үнемі қандалар тістеп алады. Мұнда өмір сүру мүмкін емес болып барады, - дейді осы отбасылық жатақхананың тұрғыны Марат есімді жігіт.

Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

Бұл бес қабатты ғимаратта тағдырдың түрлі сынына ұшыраған балалы әйелдерге арналған қалалық бейімдеу орталығы орналасыпты. Мұнда оларға уақытша тұру орны қарастырылған. Иә рас, мемлекет қиын сәтте өз азаматтарына қамқорлық жасауы қисынды. Бірақ, сол жағдай тырнақшаның ішінде қалып жатқаны өкінішті-ақ.

Қандала мен тарақандар өте көп. Біз оны жасырмаймыз. Осылардың кесерінен мен жақында ғана өзіме жаңа диван сатып алдым. Барлық жиһаздарды жаңарттым. Менің білуімше, осында қандалалар барлық жерде кездеседі. Жыбырлаған жәндіктердің қайдан шыққанын білмейміз. Мен төртінші қабаттарда тұрамын. Ол жерлерде де өріп жүр. Балаларымыз үшін қорқамыз. Амалсыздан отырмыз, - деді атын атамауды өтінген алдымыздан шыққан осы үйдің тұрғындарының бірі.

Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

Есік алдындағы бақылау өткізу пунктінде бізді осы жердің коменданты күтіп алды. Біздің сұрақтарымызға жауап беру барысында тарақандар мен қандалалардың барын жоққа шығарған жоқ. Бірақ, оларға қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жарытып ештеңені айта алмады.

Тарақандар барлық жерде бар, бірақ біз оларды улап жатырмыз. Бізде қандалалар да болды, бірақ қазір жоқ. Қандала пайда болысымен СЭС-ті шақырдық. Олар келіп, улау жұмыстарын жүргізді. Шынымды айтсам, жатақхананың осындай жағдайға жетуіне тұрғындардың өздері кінәлі. Бәрін қолдан сатып алады. Оның тазалығын тексермейді. Жақында бұл жерге тағы отбасылар көшіп келді. Жиһаздарымен түрлі жәндіктер алып келді, - деп ат тонын алып қашты комендант.

Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

Мән-жайды білу үшін біз баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жатқанда, неше түрлі сұмдық жағдайдың куәсі болдық. Мәселен, жол бойындағы барлық қабырғалар маркермен боялған, баспалдақ алаңдары мен кіреберістерде тау болып үйілген қоқыстар, өртке арналған құралдар тұратын бұрышта түрлі шашылған тамақ қалдықтары, бәрін кездестіресің.

Ғимараттың 4 қабатында мүгедектер арбасына таңылған әйел адамға жолықтық. Ол бізге былай деп жауап берді.

Тарақандар мен қандалалар бар. Мен естідім. Бірақ, менің үйімде жоқ, - деп жауап берді ол өзін суретке түсірмеуді өтініп. 

Біз 5-қабатқа бардық. Мұндағы жағдай әлдеқайда жақсы екн. Музыка дыбыстары естіледі. Бөлмелер де мұнтаздай тап-таза. Кір жуып, іліп жатқан қызды байқап, оның пікірін білуді ұйғардық. 

Әрине, қандала, тарақандар бар. Олар барлық есік-тесіктерден, төменнен, жоғарыдағы ауа желтеткіш арқылы келеді. Жақында мен олардан құтылдым. Барлық заттарды дезинфекциялауды шештім. Қазір киімдерімді жуып, кептіріп жатырмын. Менің балам бір жасқа толмаған. Мен қорқамын. Оларды улай бастағаннан жоғарыға қашады. Біз уласақ төртінші қабатқа қашады. Ас үйде үнемі тарақандар бар. Біз оған үйреніп қалдық, - дейді жас келіншек.

Біз әңгімелескен барлық тұрғынның ішінен қандаланың қайдан шыққанын ешкім нақты айта алмады. Оған осы жатақхананы жөндеу жұмыстары қандай да бір рөл атқарды ма, немесе шынымен де барлық себеп жиһазда ма, мүмкін, адамдардың өздері кінәлі шығар? Әр адамның өз болжамы бар.

Көпбалалы аналар қандала мен тарақан толы жатақхананы күнелтуге мәжбүр

Еске сала кетсек, ғимарат екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен деп ешкім айта алмайды. Оның апатты жағдайда тұрғанын қала әкімінің қабылдауында болған тұрғындар айтқан болатын. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев жатақханаға әдей келіп, жөндеу жүргізген мердігер мекеменің жұмысын сынға алып, қайта жөндеу болатынын айтқан еді.

Осы мекенжайға бірнеше рет бардық. Тазалық бойынша әңгімелер жүргіздік. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, нәтиже болмады. Олар өздері тұрып жатқан жерлерінде тазалық сақтамаса не істейміз. Біздің мамандар барып, тазалық жұмыстарын да жүргізді. Еденде шашылған қоқыстар мен жуынатын бөлмелердің ластығын көргенде шошып кеттік. Душ дүйсенбіден басқа күн сайын ашық. Сол күні онда тазалық жұмыстары жүреді. Қаншама жағдай жасалып жатса да оны тұрғындар түсінер емес, - деп түсіндірді мәселені қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміндегілер.

Өзгелердің жаңалығы