Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы Ата заңымызда ең көп талқылауға түскен баптардың бірі осы 91-бап болса керек.
Жақында ғана осы бапқа қатысты қоғамда қызу талқы болған болатын. Онда Мемлекеттің Конституциясында жеке адам туралы айтылмауы керек дегенді алға тартқандар көп болғанын білеміз.
Алайда, 91-баптың 2-тармағы бұған дейін де болған. Онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы жазылған. Анығырақ жазар болсақ, «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» - деген жолдар сол 91-баптың 2-тармағында атап көрсетілген еді.
Бұл бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «суперпрезиденттік басқарудың» ең бір айқын көрінісі деуге болады мұны. Конституцияда «өзгермейді» деп берілсе де, жаңа редакцияда, халық талқысына ұсынылған жобада бұл тармақ өзгерді. Анығы өзгерту бойынша жалпыхалықтық референдумға ұсынылды.
Мысалы, жоғарыда біз көрсеткен 91-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда былай берілді: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді». Ондағы бұған дейін атап көрсетілген, «Қазақстанның Негізін салушы», «Елбасы іргесін қалаған», «Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген секілді «өзгермейтін» тіркестер түбегейлі алынып тасталды.
Осы орайда, халықтың өз елінің, өз мемлекетінің Ата заңын толық меңгеріп, жатқа білетіндей деңгейге жетуін тілейміз. Халық өз құқын білуі үшін де Ата заңды меңгергені абзал. Сонда ғана зайырлы мемлекет, демократиялық қоғам, саяси мәдениет қалыптасады. Сонда ғана халық мемлекеттен өзіне керегін талап ете алады.
Атышулы 91-бапта тағы қандай өзгеріс болғанын төменнен толық оқуға болады.
Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
91-бап
Жаңа нұсқада: 91-бапта:
1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді.»;
Ескі нұсқада: 91-баптың 2-тармағы
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.
Жаңа нұсқада: 91-бапта:
2) 3-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.
Ескі нұсқада: 91-баптың 3-тармағы
3. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады.
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап, 62-бап, 71-бап, 72-бап, 73-бап, 74-бап, 78, 82, 83-баптар, 87-бап, 88-бап.