Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясы тарифтерін одан әрі көтеру жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомство басшысы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, тариф саясатының негізгі мақсаты – энергетикалық нысандардың техникалық жағдайын жақсарту, жабдықтардың сенімділігін арттыру және жөндеу жұмыстарын қаржыландыру.
Журналистер министрден электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын 1–2 пайызға өсіп келе жатқанын еске салып, тарифтердің қымбаттауы бұл үрдісті тежеуге қаншалықты ықпал ететінін сұрады. Сондай-ақ тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру қашан аяқталатынына қатысты сауал қойды.
Ерлан Ақкенжеков бұл екі мәселенің өзара тікелей байланысы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, тарифтерді көтерудегі басты мақсат – энергетикалық жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жалақысын арттыру және жылу электр орталықтарының жұмысын жақсарту.
Министр биыл жоспарланған тоғыз энергия блогының сегізінде және 55 қазандықтың 49-ында жөндеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Қалған нысандарда жөндеу әлі жалғасып жатыр.
Сондай-ақ ол электр станцияларын қаржыландыруға бөлінген қаражат көлемін атады.
Былтыр бұл мақсатқа 348 млрд теңге бағытталса, биыл 384 млрд теңге бөлінген. Министрдің айтуынша, қаржы жабдықтардың сенімділігін арттыруға және ел бойынша апаттық жағдайларды азайтуға жұмсалады. Бұған қоса, жылу электр орталықтарын, электр беру желілері мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары да қаржыландырылады, - деді министр.
Тарифтердің алдағы уақытта тағы көтерілуі мүмкін бе деген сұраққа Ерлан Ақкенжеков Энергетика министрлігі бағаны өсіру туралы бастама көтеруді жоспарлап отырмағанын айтты.
Брифинг соңында журналистер министрдің өзі коммуналдық қызметтерге ай сайын қанша төлейтінін сұрады. Ерлан Ақкенжеков интернет пен автотұрақты жалдау ақысын есептемегенде, коммуналдық төлемдерге айына шамамен 73–75 мың теңге жұмсайтынын жеткізді. Ал жалақысы шамамен 1,2 млн теңге екенін айтты.
Айта кетейік, Энергетика министрі коммуналдық қызметке ай сайын қанша төлейтінін айтқан еді.
Сондай-ақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарынан жылудың сапасына қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтып, өңір әкімдеріне жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтуді және халықтың өтініштеріне жедел әрекет етуді тапсырды.