Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Конституцияда Президент құзыретін, оның қауіпсіздігі мен мүмкіндіктерін айқындайтын баптардың бірі – осы 46-бап.
Суперпрезиденттік басқаруға жол ашатын, тәуелсіздік жылдары бір адамға табынып, шексіз билікті қолдан жасаған құқықтық ресурс.
46-бап 2007 жылы өзгертілді. Президенттік мүмкіндіктерді қамтамасыз етумен қатар бұл бап жеке тұлғаның Ата заңмен қорғалуына жағдай жасады.
Конституциялық реформа негізінде өзгертілетін Ата заңымыздың жаңа жобасында аталған баптың 4-тармағын алып тастау ұсынылды.
Айналдырған 4 тармақтан тұратын баптың төртінші тармағы еліміздің экс-президентіне тікелей қатысты еді. Бұдан былай Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі мен мәртебесі Конституция арқылы анықталатыны туралы тармақ жаңа Ата заңда болмайды.
Конституцияда Елбасының аты-жөні, мәртебесі аталуын қаламаған қоғам өкілдері бұл мәселені бұған дейін де үнемі айтып келген болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жобада бұл мәселеге нүкте қойды деуге болады.
Сонымен, бір адамға шексіз билік беру, оны заңмен бекітуді көздейтін тармағы алынып тасталған 46-бап қалай өзгергенін оқып көріңіз.
Айта кетейік, Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
46-бап
Жаңа нұсқада: 46-баптың 4-тармағы алып тасталсын.
Ескі нұсқада: 46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.
2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар:
4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап.