Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот отырысында куәгер – фельдшер Ақтамақ Сыздықова жауап берді. Ол оқиға орнына келген сәттен бастап зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету барысын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің айтуынша, олар оқиға орнына келген кезде аулада адамдар көп болған. Жиналғандар ғимарат ішінде зардап шеккендер бар екенін айтып, көмек көрсетуге шақырған.
Сыздықова мен оның көмекшісі медициналық жабдықтарын алып, дүкенге кірген. Сол жерде үйінді астынан өздігінен шыққан әйелді көрген. Әйел дүкеннің ішінде отырған, ал есік ойығы арқылы ішке кірпіштер мен түрлі құрылыс қалдықтары шашылған.
Оқиға орнында шу, әбігер болды. Үйінді астынан шыққан әйел айқайлап отырды, үсті-басы шаң болған. Бірінші кезекте соған жүгіріп барып, көмек көрсете бастадық, – деді куәгер сотта.
Оның сөзінше, дүкенге кірген кезде есік ойығында тағы екі адамның жатқанын көрген. Олар ғимараттың ішіндегі бөлмеде емес, есік маңындағы өткелде болған.
Кейін Сыздықова Ұлдана Мырзуанның есімін әріптесі Дильназ айқайлап шақырғанын естіген.
Мен есік ойығына қарай жүгіріп бардым. Ұлдана етпетінен жатқан. Дильназ оны көтере бастаған, мен де бірге көтердім, – деп жауап берді фельдшер.
Куәгер Ұлдананың құлағы мен мұрнынан қан аққанын, сондай-ақ басының шашты бөлігінде қан болғанын байқаған. Алайда жарақаттың нақты қай жерден болғанын анықтай алмағанын айтты.
Шашы түйілген болатын. Сондықтан бастың нақты қай бөлігінен қан кеткенін көре алмадым, – деді ол.
Сыздықова Ұлдананың үстіне нақты қандай зат түскенін көрмегенін атап өтті. Оның айтуынша, зардап шегушінің үсті түгелдей кірпіш шаңына толы болған, алайда денесінің үстінде қандай да бір заттың жатқанын көрмеген.
Фельдшердің айтуынша, олар Ұлдананы есік ойығынан абайлап алып шыққан. Осы кезде жүргізушілер зембіл әкеліп, жарақат алған фельдшерді зембілге жатқызып, медициналық көлікке жеткізген.
Оны бірден зембілге жатқыздық. Мен оны бірден өз көлігіме алып кеттім, – деді Сыздықова.
Куәгер Ұлдананың жағдайын ауыр деп бағалағанын айтты. Оның сөзінше, зардап шегуші ес-түссіз болған. Медициналық көмек көрсету кезінде оның жағдайын бақылау үшін тиісті аппараттарға қосқан.
Сыздықованың айтуынша, Ұлдананың мұрны мен құлағынан қан кеткен. Басындағы қан кетуді тоқтату үшін жарақат орнына бинт қойған.
Сотта куәгер оқиға орнында кондиционер көрмегенін де айтты. Оның сөзінше, жерде кірпіштер жатқан, алайда кондиционерді байқамаған.
Кірпіштерді көрдім, бірақ кондиционерді көрген жоқпын. Оны байқамадым, – деді фельдшер.
Сондай-ақ ол Ұлданаға жақын жерде басқа зардап шеккен адамдардың жатқанын растады. Куәгер олардың жағдайын толық тексермегенін айтты. Оның түсіндіруінше, оқиға орнындағы әбігерге байланысты өзі үйінді астынан шыққан әйелге көмек көрсеткен, ал Ұлдана басқа зардап шеккендерге қарай барған.
Куәгер Мырзуанға көмектесуге барған сәтте оның жанында болғанын, сол кезде Ұлдананың үстіне бір зат құлағанын өз көзімен көрмегенін бірнеше рет нақтылады.
Сот барысында Сыздықова оқиға орнына келген ТЖМ қызметкерлерін көрмегенін және олардың нақты қай уақытта келгенін білмейтінін де айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстеріне кірпіш құлағанын айтты. Ол бір отбасынан үш адам жарақат алғанын, бірақ олар куәгер секілді отырғандарын атап өтті.
Сондай-ақ, Мырзуан ісіндегі сотта жәбірленуші әпкесін қалай тапқанын айтты.
Куәгер кондиционерге қатысты күтпеген дерек айтты.
Тағы оқи отырыңыз:
«Ұлдана етпетінен жатты, үстінде кірпіштер болды»: Фельдшер сотта көз жасына ерік берді