Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды ұсынды. Бұл туралы Президент Тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын атап өтті. Алайда бұл жеткіліксіз екенін айтты.
Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн, – деді Мемлекет басшысы тамыз конференциясында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде 18 жастағы жасөспірімдерді оқытудың қаншалықты орынды екенін қарастыру қажет екенін айтты.
Президент білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологияларды ең алдымен практикалық құрал ретінде қарастыру қажет.
Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның құралдары – қызық үшін пайдаланатын ойыншықтар емес, күнкөріс құралы. Негізінде, солай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні пайдаланудың түрлі аспектілерін реттейтін университетаралық стандарттың енгізілгенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай тәсілді білім берудің басқа деңгейлеріне де енгізу қажет.
Жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілерін ескеретін университетаралық стандарт қазірдің өзінде қолданыста. Үкімет осыған ұқсас стандартты орта және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне де енгізуі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа формациядағы мамандарды даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл жүйе мектептегі білім беруден бастап, кейінгі кәсіптік даярлық кезеңіне дейін қамтуы тиіс.
Жаңа формациядағы мамандарды даярлауды мектептегі білім беруден бөлек қарастыруға болмайды. Бірыңғай вертикаль қалыптастыру қажет. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: НЗМ мен жекеменшік мектептердегідей 18 жастағы жасөспірімдерді мектепте ұстау қаншалықты орынды? Қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан жедел дамуын ескерсек, бұл қаншалықты мақсатқа сай? Меніңше, министрлік бұл мәселені қарастырады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Астанада Қытайдың жаңа технологиялар саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерін ескере отырып, қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін көтерді.
Айта кетейік, жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам ұстаз арнайы келген.
Жиынның ашылуында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы өзгерістер мен педагогтерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Сөзінше, Қазақстанда мұғалімдердің жалақысына білім саласы қаржысының 65,9%-ы жұмсалады. Білім саласына бөлінетін қаржы үш еседен астам артты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент ұстаздарға «озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуде зор еңбек сіңіріп жүрсіздер» деген болатын.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстандық мұғалімдердің 80%-ы мамандығын қайта таңдауға дайын екенін айтты.