- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қорғаушы тарап Мырзуан ісін прокурорға қайтаруды сұрады: Адвокаттар бірқатар заң бұзушылықты атады
Қорғаушы тарап Мырзуан ісін прокурорға қайтаруды сұрады: Адвокаттар бірқатар заң бұзушылықты атады
Егер жіберілген заң бұзушылықтарды соттың өзі жоя алмаса және олар істі қарауға кедергі келтірсе, қылмыстық іс прокурорға қайтарылуы мүмкін.
26 Тамыз 2026, 11:09
Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тиісті өтініш сот отырысында айтылды. Қорғаушы тарап Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінің 323-бабына сілтеме жасады. Бұл нормаға сәйкес, егер жіберілген заң бұзушылықтарды соттың өзі жоя алмаса және олар істі қарауға кедергі келтірсе, қылмыстық іс прокурорға қайтарылуы мүмкін.
Адвокаттардың айтуынша, мәселе жекелеген құжаттарды дұрыс рәсімдемеумен ғана шектелмейді. Олар істің мән-жайларын қосымша зерттеп, техникалық құжаттарды қайта қарау, бұған дейін ғимараттың жағдайына жауапты болған адамдарды анықтап, олардан жауап алу, қажет болған жағдайда қосымша сот сараптамаларын тағайындау қажет деп есептейді.
Аталған заң бұзушылықтарды сот отырысында қолда бар дәлелдемелерді зерттеу арқылы ғана жою мүмкін емес. Өйткені олар қосымша тергеу жүргізуді, техникалық және өзге де құжаттарды бастапқы көлемде зерттеуді, бұған дейін ғимараттың жағдайына жауапты болған адамдарды анықтап, жауап алуды, сондай-ақ қосымша сот сараптамаларын тағайындауды талап етеді, – деді қорғаушы тарап.
МИБ төрағасы қызметіне қашан кіріскені айтылды
Қорғаушы тарап сілтеме жасаған іс материалдарына сәйкес, Жұбаниязова МИБ төрағасы қызметіне 2025 жылғы мамырда ғана кіріскен. Оған дейін бұл қызметті ұзақ уақыт басқа адам атқарған.
Адвокаттардың айтуынша, істі тапсыру кезінде құжаттарды қабылдау-тапсыру актісі тиісті түрде рәсімделмеген. Ал бұрынғы төраға үйдің жағдайы жақсы болғанын айтқан.
Қорғаушы тарап Жұбаниязованың үйді жобалауға немесе салуға қатыспағанын, мердігер, техникалық қадағалау өкілі болмағанын, құрылыс жұмыстарын жүргізбегенін және нысанды пайдалануға қабылдамағанын атап өтті.
Сондай-ақ оның құрылыс пен инженерия саласында арнайы білімі жоқ екені айтылды. МИБ төрағасы болып сайланғаннан кейін ол құжаттарды қайта рәсімдеу және бірлестіктің жұмысын ұйымдастырумен айналысқан.
Осыған байланысты адвокаттар Жұбаниязова төраға болғанға дейін ғимараттың техникалық жағдайына нақты кім жауап бергенін және бұған дейін қандай кемшіліктер болғанын анықтау қажет деп санайды.
Куәгерден күдіктіге айналған
Қорғаушы тарап фигуранттың процестік мәртебесінің өзгеруіне де назар аударды.
Адвокаттардың айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басым бөлігінде Жұбаниязова куәгер мәртебесінде болған. Тек тергеудің соңғы кезеңінде күдікті деп танылған. Бұдан кейін оған ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, көп ұзамай іс сотқа жолданған.
Жұбаниязованың сотқа дейінгі тергеп-тексерудің едәуір бөлігінде куәгер мәртебесінде болып, тек тергеудің соңғы кезеңінде күдікті деп танылғаны ерекше алаңдаушылық тудырады, – делінген қорғаушы тараптың ұстанымында.
Адвокаттар іс материалдарында процестік мәртебені өзгерту, қаулыларды жариялау, жауап алу, сараптама қорытындыларымен таныстыру және қорғаушының қатысуына байланысты кемшіліктер бар екенін айтты.
Олардың пікірінше, осыған байланысты Жұбаниязоваға нақты қай уақыттан бастап қылмыстық қудалау жүргізілгенін және сол сәттен бастап оның қорғануға құқығы толық қамтамасыз етілген-етілмегенін анықтау қиын.
Қосымша жауап алуға қатысты сұрақтар бар
Қорғаушы тарап қылмыстық іс материалдарындағы қосымша жауап алу хаттамасына да тоқталды.
Адвокаттардың айтуынша, құжаттан қосымша жауап алудың нақты қандай негізде жүргізілгені және бұрын берілген жауаптарды не себепті нақтылау қажет болғаны түсініксіз.
Олар қосымша жауап алу тәртібін реттейтін ҚПК-нің 211-бабына сілтеме жасады.
Қорғаушы тарап үшін бұл мәселе Жұбаниязованың кейін куәгерден күдікті мәртебесіне ауысуына байланысты маңызды. Адвокаттар жауап алу кезінде оның қандай процестік мәртебеде болғанын, қандай құқықтар түсіндірілгенін және заңгер көмегін толық пайдалана алған-алмағанын анықтау қажет деп есептейді.
Сараптамамен танысу уақыты көрсетілмеген
Қорғаушы тарап сараптама тағайындау туралы қаулылармен және сарапшылардың қорытындыларымен таныстыру рәсіміне де қатысты уәж келтірді.
Адвокаттардың айтуынша, кейбір хаттамаларда танысу уақыты көрсетілмеген. Жекелеген құжаттарда қорғаушының қолы жоқ.
Олар ҚПК-нің 199-бабына сілтеме жасады. Бұл бап бойынша процестік әрекет хаттамасында оның өткізілген орны мен күні, басталған және аяқталған уақыты минутына дейін нақты көрсетілуі керек.
Танысу уақыты мен қорғаушының қолы болмаған жағдайда, Жұбаниязованың құжаттармен нақты қашан танысқанын, бұл кезде қорғаушының болған-болмағанын, құқықтарының түсіндірілген-түсіндірілмегенін және қорғаушы тараптың сараптамаға қатысты өтініш айтуға нақты мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау мүмкін емес, – деді адвокаттар.
Атап айтқанда, сөз сарапшыларға қосымша сұрақ қою, қарсылық білдіру немесе қосымша не қайталама сараптама тағайындауды сұрау мүмкіндігі туралы болып отыр.
Күдік нақты қашан жарияланған?
Адвокаттар Жұбаниязованы күдікті деп тану туралы қаулының рәсімделуіне де назар аударды.
Олардың айтуынша, құжатта оның қолы болғанымен, қаулымен танысқан күні мен уақыты көрсетілмеген.
Қорғаушы тарап іс-әрекетті саралау туралы қаулыға қатысты да осындай уәж келтірді. Адвокаттар ҚПК-нің 206-бабының 5-бөлігіне сілтеме жасап, мұндай қаулының жарияланғаны күдікті, қорғаушы және тергеушінің қолдарымен, күні мен сағаты көрсетіле отырып расталуға тиіс екенін айтты.
Қорғаушы тарап бұл мәліметтердің болмауын жай ғана техникалық қате деп қарастыруға болмайды деп есептейді.
Адвокаттардың пікірінше, Жұбаниязова өзіне тағылған күдіктің мәнін қашан білгені, іс-әрекеттің саралануы қашан хабарланғаны, қорғаушы іске қай уақыттан бастап қатысқаны және күдікті өз құқықтарын дер кезінде пайдалана алды ма – осының бәрі нақты анықталуы керек.
Қорғаушы тарап аталған мән-жайлардың барлығын жиынтық түрде бағалап, іс осы күйінде мәні бойынша қарала ала ма, әлде ҚПК-нің 323-бабына сәйкес прокурорға қайтарылуы тиіс пе деген мәселені шешуді сұрады.
Өтініш бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Адвокаттар айтқан уәждер әзірге қорғаушы тараптың ұстанымы саналады және сот процестік заң бұзушылықтар болғанын анықтады дегенді білдірмейді.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2025 жылғы қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде болған. Қасбеттегі кірпіш пен кондиционердің ілгіші төменге құлап, бес адам жарақат алған. Олардың екеуі медицина қызметкері болды.
Жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін 18 қарашада алған жарақатынан көз жұмды.
Сондай-ақ Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Астана қаласының ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша жәбірленуші Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан кейін отбасы алған материалдық көмек туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы қайтыс болғаннан кейін оларға 20 млн теңге қолма-қол берілген.
Айта кетейік, аталған іс бойынша кеше өткен сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.
Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанқұлова (Омарова) қызының өліміне қатысты сот отырысы алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұрынғы күйеу баласы жайлы айтты. Ол Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімінен хабарсыз екенін жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз:
Ең оқылған:
- Медтексеруден өтпесе, көлік жүргізу құқығы тоқтатылады: Жаңа тәртіп кімдерге қатысты?
- Шарджада екі қазақстандықтың мәйіті табылды: СІМ тергеу барысын бақылауда
- Зеленский Қазақстан Президентіне алғыс айтты
- Тоқаев АҚШ Конгресі делегациясын қабылдады: Құрылтайдың алғашқы қадамдары талқыланды
- Нұрбек Пұсырманов: Құрылтайға тек танымал тұлғалар емес, кәсіби саясаткерлер қажет
Аида БАТУХАН