«Ұлдана етпетінен жатты, үстінде кірпіштер болды»: Фельдшер сотта көз жасына ерік берді

26 Тамыз 2026, 16:20
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова 26 Тамыз 2026, 16:20
26 Тамыз 2026, 16:20
154
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында екінші фельдшер Дильназ Байзақова куәлік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол оқиғаны еске алып, әріптесі Ұлдананың жараланған сәтін айтқанда көз жасына ерік берді.

Куәгердің сөзінше, ол 8 қарашада Ұлданамен алғаш рет бір ауысымға түскен.

Сол күн біздің бірге жұмыс істеген алғашқы ауысымымыз болды. Әдеттегідей ауысымды қабылдап, белгілендік. Сағат сегіз шамасында алғашқы шақырту түсті. Оны орындап болған соң, қосалқы станцияға таңғы ас ішуге қайттық, – деді ол сотта.

Осыдан кейін оларға бірінші жеделдік санатындағы тағы бір шақырту түскен. Шақырту себебінде қабырға құлағаны көрсетілген.

Ұлдана бірінші жеделдік санатындағы шақырту түскенін айтты. Себебі – қабырға құлаған. Біз бірден қажетті аппаратураны алып, оқиға орнына шықтық, – деді фельдшер.

Оның айтуынша, шақыртуда тек мекенжай көрсетілген, дүкеннің атауы болмаған. Оқиға орнына жеткен кезде көшеде тұрған адамдар қай жерге кіру керегін көрсеткен.

Дүкенге кірген кезде адам өте көп болды. Сол жерде бір әйел отырғанын көрдік. Және тағы екі адам – ер адам мен әйел жатты, – деді куәгер.

Жедел жәрдем қызметкерлері бірден зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен.

Адамдар бізге «көмектесіңіздер, оларға көмек керек» деп жатты. Біз бірден қастарына бардық. Басында нақты ненің құлағанын түсінбедік. Жерде кірпіштер жатты. Үйінді астындағы адамдардың бірін көтеріп, ішке қарай алып кетпек болдық, – деді ол.

Алайда дәл сол сәтте жоғарыдан тағы бір зат құлаған.

Нақты не түскенін білмеймін. Бірақ қатты ауырсынғаннан үстіме кірпіш түскенін түсіндім. Мен құлап қалдым. Айнала шаң болып, ештеңе анық көрінбеді, – деді фельдшер.

Ол орнынан тұрған соң әріптесі Ұлдананы көрген.

Тұрғаннан кейін Ұлданаға қарадым. Ол етпетінен жатыр екен. Оны көтеруге тырыстым, кейін көтердім. Құлағы мен мұрнынан қан қатты ағып жатты, – деді куәгер.

Осы сәтті еске алған екінші фельдшер сот залында көз жасына ерік берді.

Сот отырысында куәгерден оқиға орнына қалай жеткені, дүкенге кімнің бағыттағаны және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету сәтіндегі жағдай туралы сұралды.

Куәгердің сөзінше, Ұлдананы екінші жедел жәрдем бригадасы алып кеткен. Осыдан кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген.

Ұлдананы алып кеткеннен кейін мен сол жерде қалдым. Үш зардап шеккен адам болды. Аға дәрігерге хабарласып, қосымша бригада жіберуді сұрадым. Сол кезде ТЖМ қызметкерлері келді. Олар адамдарды құтқарып жатқанда мен аға дәрігермен сөйлестім. Шамамен 5-10 минуттан кейін басқа жедел жәрдем бригадалары жетті. Оған дейін зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеттім, – деді фельдшер.

Сот барысында одан Ұлдананың үстіне нақты не құлағаны сұралды. Куәгер бұл сәтті өзі көрмегенін жеткізді.

Сол кезде мен де құлап, жарақат алдым. Ауырсынғаннан үстіме кірпіш түскенін түсіндім. Кейін орнымнан тұрып, Ұлдананың етпетінен жатқанын көрдім. Оның үстінде кірпіштер болды. Жалпы айналаның бәрінде кірпіш жатты, – деді ол.

Куәгер үйінді астында ер адам мен әйелдің жатқанын, ТЖМ қызметкерлері келген бойда соларды құтқаруға кіріскенін айтты.

Олар бірден ішке кіріп, өткелде жатқан ер адам мен әйелді құтқара бастады. Ал Ұлдананы оған дейін жедел жәрдем алып кеткен еді, – деді фельдшер.

Оның айтуынша, кейін оқиға орнына өзге де жедел жәрдем бригадалары келген. Алайда куәгердің өзінің жағдайы нашарлай бастаған.

Кейін мен тағы да құлап қалдым. Санам бұлыңғыр болды. Одан арғысын есіме түсіре алмаймын. Палатада есімді жидым, – деді ол.

Фельдшер сотта өзі алған жарақаттарды да атады.

Ми шайқалды, жабық бас-ми жарақатын алдым және амнезия болды, – деді куәгер.

Оның сөзінше, сараптама қорытындысында денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы деп бағаланған.

Сотта куәгерден Ұлдананың үйінді құлағаннан кейін есін жиған-жимағаны да сұралды.

Жоқ. Маған оның есін жимағанын айтты, – деді фельдшер.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстеріне кірпіш құлағанын айтты. Ол бір отбасынан үш адам жарақат алғанын, бірақ олар куәгер секілді отырғандарын атап өтті.

Сондай-ақ, Мырзуан ісіндегі сотта жәбірленуші әпкесін қалай тапқанын айтты

Наверх