Колумбияда Қазақстан консулдығы ашылды

13 Желтоқсан 2020, 17:49
1638
Бөлісу:
Колумбияда Қазақстан консулдығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Колумбия Республикасында Қазақстанның тұнғыш Құрметті консулдығының ашылу рәсімі
өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Жергілікті бизнесмен, «Croda Oil&Gas Latin America» компаниясының директоры Омар Валдес таяу жылдары Қазақстанның Құрметті консулы қызметін жүзеге асыратын болады. Іс-шараға Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Қайрат Саржанов, Колумбия СІМ Еуропа департаментінің директоры Хуан Кастро, қаланың қоғамдық-саяси және іскер топтарының, дипломатиялық корпус пен медиа қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қайрат Саржанов Колумбия Үкіметіне Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Омар Валдеске консулдық патентті онлайн режимде табыс етті. Ол Құрметті консулдықтың ашылуы Нұр-Сұлтан мен Богота арасындағы екіжақты күн тәртібін, әсіресе сауда, инвестициялық және гуманитарлық бағыттарда, оның ішінде Қазақстан 2019 жылғы шілдеде бақылаушы мәртебесін алған Тынық мұхиты альянсы шеңберінде кеңейту жөніндегі саяси ерік-жігерінің көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.

Колумбия СІМ Еуропа департаментінің директоры Хуан Кастро Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуымен құттықтады.Бұл 2012 жылы сімаралық саяси консультациялар тетігін орнатудан басталған екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Колумбиялық дипломат Богота қаласында 2019 жылғы желтоқсанда өткен Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визасыз режим туралы келісімге қол қою және ұлттық паспорттардың иелері үшін оны өзара қамтамасыз ету жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізу арқылы Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде консультациялардың 4-раундының қорытындылары бойынша қол жеткізілген визасыз режимнің маңыздылығын атап өтті. Ол Колумбия Үкіметінің ЭЫДҰ-ға кіру тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтіп, келесі жылы сімаралық консультациялардың 5-раундын өткізуді ұсынды, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Қазақстанның Құрметті консулы Омар Валдес Қазақстан Үкіметіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы, соның ішінде ауыл шаруашылығы, тау-кен және мұнай өнеркәсібіндегі өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттарын белгіледі. Бизнесмен колумбиялық кәсіпкерлерді қазақстандық серіктестермен іскерлік байланыс орнату және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Құрметті консулдықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы