Колледждердің көп бейіндігі оқу сапасына кері әсер етеді

19 Қазан 2020, 12:59
1840
Бөлісу:
Колледждердің көп бейіндігі оқу сапасына кері әсер етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіптік техникалық колледждерге мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде комиссия мүшелері оқу орындарының бейіндігіне баса назар аударулары тиіс.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингінде Алматы қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Ермекбаева айтты.

Оның айтуынша, колледждердің көп бейіндігі білім беру сапасына кері әсер етеді. 

Қазіргі күні Алматы қаласындағы танымал мамандықтардың қайталануы, оқу орындарының көп бейінділігі мәселесі бар. Мысалы, жекеменшік «Еуразиялық технологиялық колледж» білім беру мекемесі 9 бағыт және 30 біліктілік бойынша жұмыс атқарады. 5 бағыттан жоғары мамандар даярлайтын колледждер саны 19-ды құрайды. Оқу орындарын салалық бағыттар бойынша кәсіптік бағдарлау қажет. Атап айтсақ техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық деген сияқты. Осындай шара өңірдің оқу орындарында мамандықтардың қайталануын болдырмайды, - деді ол.

Сондай-ақ, департамент басшысы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде комиссия мүшелері, бірінші кезекте колледждердің бейіндеуіне баса назар аударуы тиіс.

Брифинг барысында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі күні Алматы қаласында 104 техникалық және кәсіптік білім беру колледжі бар. Олар 15 бағыт бойынша білім береді. Аталған оқу орындарының 35-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік болып саналады.

Осы жылдың шілде айында министрлік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қатысты талапты күшейтті. 

Ендігі кезекте қолледждердің соңғы екі жылда үздіксіз маман даярлауы мен мамандық бойынша білім беру ұйымдары түлектерінің жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтері ескеріледі. Түлектердің жұмыспен қамтылу үлесі 75%-дан кем болмауы тиіс. Аталған талаптар колледждер үшін мамандарды бейіндеу және даярлау тұрғысынан шешім қабылдауға жақсы стимул болады деп үміттенеміз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы