Талғарда болған Шерзат Болаттың қазасына қатысты істің сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан жауап алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға болған күні Шерзат Болат жұдырықпен ұрған Дархан телефонмен хабарласып, “бір жас бала мені соғып жіберді” деп айтып, Нұрболды шақырған.
Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрқанат келгеннен кейін Дарханмен сөйлескенін айтып, мән-жайды түсіндірген.
Нұрболдың жанында жас жігіт болды. Нұрбол мас екен. Сөйтіп дүкеннің алдына шықтым. Нұрбол көліктен шығып, “кім соқты?” деді. Балаға ашуланып кетпесін деп, “мен соқтым” деп айттым. Ол маған Дархан жайлы ескертті. “Дархан жетім бала ғой, неге жетім баланы ұрасыңдар?” деді. Біз ұстап алып, әдейі ұрған жоқпыз. Баламен келіспеушілік болды. Бала ашуланып, ұрып жіберді. Сөйтіп Нұрболға түсіндіріп едік, Дарханды алып, үшеуі кеткендей болды. Біраздан кейін қайта айналып келді, - деді ол.
Нұрымов аударымға қатысты жағдайды Нұрболға түсіндіргенін айтты.
Кейін Нұрбол дүкенге кіріп, қайта төлем жасап, касса жаққа қарай өтіп кетті. Арамызда әңгіме болды. Ол дөрекі сөйлесті. Ішіп алған адам. Жанындағы жолдасы таяқ жеп тұр. Мен әкесімін. Дөрекі сөйлескен Нұрболға тиіскенім жоқ. Нұрболға жаман сөз де айтқан жоқпын. Тек дүкенде сөреде май кесетін пышақ болды. Сол пышақты далаға алып шықтым. Неге десеңіз, Дархан Нұрболға қате ақпарат беріп тұр. Оның айтуы бойынша, Дархан көшеде сыра ішіп тұрғанда жас бала келіп, оны ұрып жіберген. Ол шындығын айтып тұрған жоқ. Мен пышақ алып шықтым да, Дарханға бардым. Сол кезде балам мен Нұрқанат ажыратып алды. Мен сол кезде Дарханды боқтап, не істеп жатқанын сұрап, кешірім сұрағанымды қайталадым. Одан не қалап тұрғанын сұрадым. “Денсаулығын қойып тастайды” деген не әңгіме дедім. Ол бала емес пе? Жүр, ауруханаға апарайын. Сөйтіп балам “әке, қой” деген соң, кіріп, пышақты қойып қайта шықтым, - деді Шерзаттың әкесі.
Оның сөзінше, көліктен жас бала (Ысқақ – ред.) шыққан, сөйтіп жайтты оған да түсіндірген. Ол сау болған. Оның қылмыс жасайтын ешқандай іс-әрекеті болмаған. Қаржаубай Ысқаққа барлық мән-жайды түсіндірген. Сөйтіп Ысқақ Нұрболмен сөйлескен соң олар кетіп қалған. Кейін олар қайта оралған.
Еске сала кетейік, марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Кадировадан сотталушылардың арасынан кімді танитынын айтты. Ол сотта келіні, яғни Шерзаттың анасы екеуі таксиден түскеннен кейінгі әрекеттерін айтып берді. Сондай-ақ Шерзаттың әжесі айыпталушылармен бірге болған қыздардың не істегенін баяндады.