Кім аудан және қала әкімі бола алады?

14 Қыркүйек 2023, 15:50
2029
Бөлісу:
Кім аудан және қала әкімі бола алады?
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері кім бола алады? Кандидаттарға қандай талаптар қойылады? Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауданның және облыстық маңызы бар қаланың әкімі болып сайлану үшін ҚР азаматы Конституцияда, «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда және ҚР-ның мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды ұсынады:

  • ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі
  • ауданның және облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі кандидатының қызметтік тізімі
  • еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесі
  • білім беру туралы құжаттар мен олардың қосымшаларының көшірмелері.

Заңнамадағы талаптарға сәйкес әкімді тиісті әкімшілік аумақтың халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 25 жасқа толған ҚР азаматтар қатарынан лауазымға сайлайды. Конституцияға сәйкес сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға қатысу құқығы жоқ, - деді Шавхат Өтемісов.

Сайлау туралы заңға сәйкес сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыспен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.

Кандидат мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сәйкес келуі тиіс. Өйткені әкімнің лауазымы мемлекеттік қызметшілер санатына жатады. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімі мемлекеттік-саяси қызметші саналады. Әкім болуға кандидат ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталған күннен екеуден аз кандидат ұсынылса, жоғары тұрған әкім жүргізеді, - деп түсіндірді ОСК мүшесі.

Ол дауыс беру күніне екі күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейтінін қоса кетті.

Өзгелердің жаңалығы