- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Киімнің де цифрлық паспорты болады: Қазақстанда жаңа талап қалай енгізіледі?
Киімнің де цифрлық паспорты болады: Қазақстанда жаңа талап қалай енгізіледі?
13 Қараша 2026, 09:43
2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Әрбір тауарға бірегей код беріліп, оның өндірістен немесе кеденнен бастап сатып алушыға жеткенге дейінгі қозғалысы қадағаланады. Жаңа талап қандай өнімдерді қамтиды және бизнес оған қалай дайындалып жатыр? BAQ.KZ тілшісі түсіндіреді.
Алғашқы кезеңде қандай тауарлар таңбаланады?
Міндетті цифрлық таңбалау бірден барлық киім мен тоқыма өніміне қолданылмайды. Жаңа талап үш кезеңмен енгізіледі.
2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап былғары мен жасанды үлбірден жасалған жекелеген бұйымдар, киімнің кейбір түрлері, шаңғы костюмдері, төсек-орын жабдықтары, асхана және асүй тоқыма бұйымдары таңбаланады.
2027 жылғы 1 наурыздан бастап талап сырт киімнің жекелеген түрлеріне, свитерлерге, кардигандарға, жейделерге, блузкаларға, мойынорағыштарға және басқа да санаттарға таралады.
2027 жылғы 1 қазаннан бастап таңбаланатын тауарлар қатарына костюмдер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар мен спорттық костюмдер қосылады.
Бұл кезеңдер Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен бекітілген. Ал тауарларды таңбалау және олардың қадағалану қағидалары 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №450 бұйрықта белгіленген.
Бір код тауардың бүкіл жолын көрсетеді
Жаңа жүйе аясында әрбір тауар бірлігіне бірегей Data Matrix коды түсіріледі. Өнім туралы мәліметтер Tanba ақпараттық жүйесінде тіркелуге тиіс.
Осы код арқылы тауардың қайда өндірілгенін немесе елге қашан әкелінгенін, одан кейін айналымның қандай кезеңдерінен өткенін қадағалауға болады. Яғни өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысы жүйеде көрінеді.
Цифрлық таңбалаудың негізгі мақсаты – заңсыз айналымды азайтып, нарықтың ашықтығын арттыру. Бұл заң талаптарын сақтап, салық төлейтін өндірушілер мен ресми импорттаушылар үшін бәсекелестік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Отандық өндірушілер қандай өзгеріс күтеді?
Қарағандыдағы «Тандем XXI» ЖШС тігін кәсіпорнының басшысы Людмила Мартюхинаның айтуынша, заңды жұмыс істейтін кәсіпорындар көлеңкелі жолмен әкелінген тауарлармен бәсекелесуге мәжбүр.
Маркетплейстерде заңды жұмыс істеп, барлық салығын төлейтін және қажетті сертификаттарын алған отандық өндірушілер кедендік баж төленбей, көлеңкелі жолмен әкелінген тауарлармен бәсекелесуге мәжбүр. Жаңа жүйе әрбір тауардың зауыттан шыққан немесе елге әкелінген сәтінен бастап кассада сатылғанға дейінгі жолын қадағалайды. Цифрлық таңбалау қазақстандық сатып алушылардың елімізде өндірілген киім мен тоқыма өнімдеріне деген сенімін нығайтуға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпкер таңбалаудың күнделікті жұмысқа да пайдасы болады деп есептейді. Оның пікірінше, жүйе қойма есебін жүргізуді жеңілдетіп, тауарды қабылдау мен жөнелту кезіндегі қателерді және тауардың кем шығу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
QazTextileIndustry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі де жаңа талаптың отандық кәсіпорындармен қатар, ресми импорттаушылар үшін маңызды екенін атап өтеді.
Шығу тегі белгісіз тауарлардың үлесі азайса, заңды жұмыс істейтін барлық нарық қатысушыларының орны нығая түседі. Отандық өндіруші үшін бұл - өнім сапасы, бағасы, қызмет көрсету деңгейі және бренді арқылы әділ бәсекелесуге мүмкіндік. Ал ресми импорттаушы үшін тауарды заңды әкелуге және таратуға салған қаражатының қорғалуын білдіреді, – дейді QazTextileIndustry басқарма төрағасы Гульмира Уахитова.
Оның пікірінше, көлеңкелі айналымның қысқаруы отандық өндіріс қуаттарын толығырақ пайдалануға, өнім түрлерін көбейтуге және ішкі нарықтағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Саладағы кәсіпорындардың басым бөлігі – шағын бизнес
Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі 20-дан астам шағын саланы қамтиды. Олар үш негізгі бағытқа біріктірілген: тоқыма өнеркәсібі, киім өндірісі, былғары және оған жататын өнімдер өндірісі.
Сала құрылымында тоқыма өнеркәсібінің үлесі – 61,3%, киім өндірісінікі – 32,2%, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінікі 6,5% болады.
Жеңіл өнеркәсіпте барлығы 1419 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 1382-сі – шағын, 29-ы – орта, сегізі – ірі кәсіпорын.
Кәсіпорындардың ең көбі киім өндірісіне тиесілі – 802. Тоқыма өнеркәсібінде 492, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 125 кәсіпорын бар. Сала қызметкерлерінің тізімдік саны 18,3 мың адамды құрайды.
Бизнес дайындықты бастап кетті
Қазір таңбалау жүйесінде тауар айналымына қатысатын 55 субъект тіркелген.
2026 жылғы қыркүйектен бастап кәсіпкерлерге арналған тестілік орта жұмыс істейді. Онда бизнес өкілдері тауарларын тіркеп, жүйенің мүмкіндіктерімен танысып, таңбалау үдерістерін сынақтан өткізе алады.
Ал 2 қарашадан бастап негізгі ақпараттық жүйеге кіру мүмкіндігі ашылды. Бұл кәсіпкерлерге өз өнімдеріне таңбалау кодтарын алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді.
Жаңа талаптарға дайындық аясында Бірыңғай оператор әр сәрсенбі сайын сағат 15:00-де тегін оқыту вебинарларын өткізеді. Кәсіпкерлер сұрақтарын арнайы Telegram чатында қоя алады. Сондай-ақ 8 800 080 65 65 нөмірі бойынша тәулік бойы қолдау көрсетіледі.
Сатып алушы өнімді қалай тексереді?
Тұтынушылар таңбаланған өнім туралы ақпаратты Naqty Ónim тегін мобильді сервисі арқылы қарай алады. Тексеру мүмкіндігі Forte, eGov Mobile және Aitu қосымшаларында да қарастырылған.
Тауардағы кодты сканерлеу арқылы сатып алушы өнім туралы жүйеде тіркелген мәліметтермен таныса алады. Осылайша, цифрлық таңбалау бизнеске тауар қозғалысын есепке алуға, ал тұтынушыға сатып алатын өнімінің шығу тегі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Ең оқылған:
- Сегіз чемодан, шашылған доллар: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары не үшін ұсталды?
- Оқушыларды шошытқан: Алматы облысында мектепке терезе арқылы кірген жалаңаш ер адам ұсталды
- Нұртөре Жүсіп: Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті
- Мәртебе құтқармайды: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты сарапшылар не айтты?
- Парижде Франция және Словакия президенттерінің кездесуі кезінде қарауыл сарбазы есінен танып, құлап қалды
Аида БАТУХАН