АҚШ пен Украина арасында жасалған ресурс жөніндегі келісімнің нақты салдарын тек бірнеше ай, тіпті бірнеше жылдан кейін бағалауға болады. Себебі бұған дейін Вашингтон дәл осындай құжаттарды Ауғанстанмен де бекіткен болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BCC-ге сілтеме жасап.
Дегенмен, Украина – Ауғанстан емес. Сондықтан АҚШ пен Киев арасындағы келісімнің қазіргі сәттегі тактикалық салдарын саралау әлдеқайда оңай. Бұл құжат Украина, АҚШ және Ресей арасындағы күрделі геосаяси үшбұрышқа жаңа серпін беріп отыр. Украина мен Ресей АҚШ-тың қолдауына ие болуға тырысып, бір-бірін бейбіт келіссөздерге кедергі келтіруде деп айыптап келеді.
Көптеген украин сарапшылары бұл келісімді Киев дипломатиясының жеңісі деп бағалап отыр. Себебі құжаттан Украина үшін қолайсыз кейбір тармақтар алынып тасталған. Мәселен, АҚШ-тан бұрын алынған көмек үшін қарыз жөнінде ештеңе айтылмаған. Сонымен қатар, құрылған егемен қордың иелігіне Украинадағы инфрақұрылым нысандары берілмейді. Қорды басқару АҚШ пен Украина арасында тең дәрежеде жүргізіледі. Тіпті болашақта берілетін америкалық қару-жарақ осы қорға жасалған үлес ретінде есептеледі. Бұл АҚШ-тың Украинаға әскери көмекті тоқтатпайтынын білдіреді.
Алайда Киев тарапынан кейбір қауіптер де айтылып жатыр. Келісімде ел бюджетінің кірісінен айырылу қаупі бар және қауіпсіздік кепілдігіне қатысты нақты баптар көрсетілмеген. Бірақ украин билігі бұл мәселелерді кейін шешпек.
Вашингтон үшін бұл келісім дер кезінде жасалды. Себебі ол Дональд Трамптың президент ретіндегі алғашқы 100 күндігімен тұспа-тұс келді. Кейбір сарапшылар үшін келісімнің мазмұны емес, оның дер кезінде қабылдануы маңыздырақ. Бұл – Трамптың халықаралық аренада мықты келісім жасай алатынын дәлелдеу мүмкіндігі.
Айта кетерлігі, бұл жолы Трамп жеңісін Ресейсіз-ақ көрсете алды. Соңғы күндері оның Мәскеуге қатысты риторикасы бұрынғыдан да қаталдау шықты. "Келісейік, бірге бизнес жасайық" деген ұсынысына Ресей тарапынан "Бейбітшілік керек, бірақ шарттарымыз бар" деген жауап келіп жатыр. Бұл жағдай Трамптың өзінде де ашу туғызуы мүмкін.
Соңғы кездері Украинадағы бейбіт келіссөздер шешуші кезеңге таяп қалды деген пікірлер жиілеп кетті. Ресей президенті Владимир Путиннің украиндармен тікелей келіссөзге дайын екенін алғаш рет ашық айтуы – соның бір белгісі.