Киберқылмысқа қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

30 Қазан 2023, 20:44
696
Бөлісу:
Киберқылмысқа қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Фото: Polisia.kz

Киберқылмыс – ХХІ ғасырдың басты проблемаларының бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпараттық технологиялардың дамуымен киберқылмыс ауқымы да кеңейе түсті. Сондықтан ғаламдық интернет желісінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалған қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері өзекті болып қала береді. Осыған байланысты елордада Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ қолдауымен “Киберқылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға халықаралық және қазақстандық сарапшылар, құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдері қатысты.

Киберқылмыстар, есірткі мен қару-жарақ сату, қылмыстарға адамдарды тарту сынды дүниелер интернет арқылы жасалатындықтан, оларға қарсы іс-қимылда барлық қолда бар мүмкіндіктер пайдалануы тиіс. Ағымдағы жылы біз Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылуға шақыру алдық, ол осы саладағы пәрменді халықаралық құжат болып табылады, – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев.

Қайрат Сөнтаевтың айтуынша, ІІМ қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ киберқылмыспен күресудің ғылыми негізделген әдістерін тәжірибеге енгізу мәселелеріне ерекше назар аударады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы полиция ведомствосы ІІМ Алматы академиясының базасында киберлаборатория мен киберполигон ашты.

Біз Қазақстанның жетекші IT-компанияларымен бірлесіп ынтымақтастық құрдық, бірге зерттеулер жүргіземіз, бірқатар жобалар, интернет-алаяқтарды бұғаттайтын бағдарламалар әзірледік. Әрине, мұның бәрі бізге қазір киберқылмыспен тиімді күресуге мүмкіндік береді, – деді ҚР ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков.

Киберқылмыстың ең көп таралған түрлері туралы ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтып берді.

Алаяқтықтың ең көп тараған түрі – құқық қорғау органдарының немесе банк қызметкерлерінің атынан хабарласу. Одан бөлек алаяқтық инвестициялық салымдар бар. Онда әлеуметтік желілер арқылы қаражат салу жарнамаланады. Қазақстанда негізі мұндай қызмет түрі лицензияланған. Яғни, брокерлердің лицензиясы болуы керек. Азаматтар мұны ресми сайттар арқылы тексере алады. Үшінші кең таралған түрі – онлайн-сату бойынша жасалатын алаяқтық, – деп атап өтті ол.

Кездесуде әлемдегі киберқылмыстың жай-күйі мен даму үрдістері, ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтау және алдын алу, киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлімшелердің халықаралық өзара іс-қимылы талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы