ХҚКО-ларда мекенжайға тіркеу кезегі 2,5 есе азайды

15 Тамыз 2019, 17:36
1449
Бөлісу:
ХҚКО-ларда мекенжайға тіркеу кезегі 2,5 есе азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ мен "Азаматтарға арналған үкіметтің" бірлесіп Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы ХҚКО-да азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуін жүргізу пилоттық жобасы нәтижесін бере бастады. 

"Азаматтарға арналған үкіметтің" баспасөз қызметінің хабарлауынша, мегаполистердегі мекенжай бойынша тіркеуді миграция қызметкерлерімен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары шілдеден бері бірлесіп жүргізіп келеді.

"Пилоттық жоба шеңберінде ең алдымен елорданың Алматы ауданында орналасқан ең ірі халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қызмет алушыларға мекенжай бойынша тіркеуге тұру және тіркеуден шығу мемлекеттік қызметтерін көрсете бастады. Аталған қызмет бойынша ХҚО-дағы кезек күтушілер саны 2,5 есе азайған", - делінген таратылған хабарламада.

Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында «құжаттау» қызметтерін миграциялық полицияның әдетте 1-3 маманы көрсетеді. Қызметкерлердің аздығы жеке басты куәландыру, тұрғылықты жер бойынша тіркеуге тұру қызметтерін алушылардың көп жағдайда кезекте ұзақ тұруына алып келіп, наразылықтарын тудыратын. Енді оларға ХҚКО-ның тағы 2-3 операторы жүктемені азайтуға көмектеседі.

"Болашақта бұл жоба еліміздің өзге облыс орталықтарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарын да қамтиды деп жоспарланған. Мекенжай тіркеуіне тұрғылықты тұру қызметін онлайн түрде egov.kz порталы арқылы да рәсімдеуге болады", - делінген таратылған ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы