Хәрри Поттер қазақша сөйледі

3 Ақпан 2020, 15:17
4371
Бөлісу:
Хәрри Поттер қазақша сөйледі
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Британ жазушысы Жоан Роулиңнің әлемге әйгілі Хәрри Поттер шығармасы қазақ тілінде жарық көрді. 

Аталған еңбекті қазақ тілінде шығару құқығын иеленген "Steppe & WORLD Publishing" баспасы аударған. Бүгін шығармашылық ұйым "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" романының алғашқы сериясын таныстырды. 

Баспаның басшысы Райса Қадыр кітапты аудару құқығына өткен жылы қол жеткізгендерін баяндай келе кітаптың жеті сериясын да қазақ тіліне аударатынын айтты. 

2020 жылы бұл еңбектің төрт томын аударамыз, келесі жылы қалған серияларын аударамыз. Бұл өте жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Кітап ағылшын тілінен тікелей аударылды. Басты мақсат - қазақ балалары да әлемдік шығармаларды ана тілінде оқи алса дейміз. Шығарманы аударуға сырттан ешқандай қолдаушылық болмады. Осы кітаптан түскен табыс әлемдік кітаптарды қазақша аударуға жұмсалады, - дейді Райса Қадыр. 
WhatsApp Image 2020-02-03 at 15.18.51.jpeg

Сонымен қатар, ол кітапті еліміздің әр өңірінде кітап дүкендерінен алуға болатынын айтты. 

"Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" кітабын Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударған. Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек. 

Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жариялағалы бері "Неге "Гарри" емес, "Хәрри"?, "Неге "Роулинг" емес, "Роулиң"?" деген сұрақ көбейді, сынға да ұшырап жатырмыз. Әрине, "Гарри" мен "Роулингке" үйреніп кеткен көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда, біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде Harry |ˈhæri| болып транскрипцияланады. Ал "ә" дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі Rowling |ˈrō-liŋ| деп оқылады, яғни "ң" дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан біздің нұсқада "Гарри" емес, "Хәрри", "Роулинг" емес, "Роулиң" болды, – дейді Назгүл Қожабек. 
WhatsApp Image 2020-02-03 at 15.18.49.jpeg

Аударма авторлары тәржіма барысында адам аттарының, жер-су атауларының көпшілігін түпнұсқадан ауытқымай беру туралы шешім қабылданғанын айтып өтті. 

Кітапты "ертегі ғой" деп ойлауы мүмкін, алайда оның ішінде реалилар да болды. Ол әрбір халықтың өз тілінде болатын ұлттық ерекшеліктерін білдіретін ерекшеліктері. Біз содан ауытқымай, соған жақын сөздерді беруге тырыстық. Кей кезде дауласып, арасында ақылдасып келісе шешіп отырдық, - дейді аудармашы Саят Мұхамедияр. 
WhatsApp Image 2020-02-03 at 15.19.18.jpeg

Кітапты аударған тағы бір аудармашы Динара Мәзен басты мақсатымыз қандай да бір сөзге қазақ тіліндегі дәл, нақты, сайма-сай балама табу болды деген ойын білдірді. 

Аударманы оқыған адам түпнұсқаны оқығандай әсер алса, аудармашы өз мақсатына жеткені. Жақсы аударма көркем шығарманың бар бояуын, стилін сақтай отырып, аударылатын тілде жазылғандай жатық оқылуы керек. Біз сол мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын, – дейді Динара Мәзен. 

Өзгелердің жаңалығы