Кентауда тоқыма өндірісіне арналған мақтаның «Түркістан» сорты өсіріледі

19 Қазан 2020, 13:46
1759
Бөлісу:
Кентауда тоқыма өндірісіне арналған мақтаның «Түркістан» сорты өсіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылдық округінде 1992 жылдан бері «Тұран» шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Шаруасын 50 гектар жерге мақта егуден бастаған қожалық бүгінде жер көлемін 1185 гектарға көбейткен. Бүгінде соның 850 гектарына мақта егеді. 

Осыдан 3 жыл бұрын қожалық ғылыми-институтпен біріге отырып, мақтаның «Тұран» және «Түркістан» деген сорттарын шығарған. Бүгінде «Түркістан» сортын өсіріп, өзге елдерге экспорттап отыр. Бұл сорттың басқа мақталардан айырмашылығы – жылдам пісіп, көсегінің бірден ашылатындығы. Сондай-ақ, көп тыңайтқыш талап етпейді. Төртінші типке жататын мақтаның бұл сорты тоқыма өндірісіне қолайлы.

Айта кетерлігі, аталған сортты облыстағы өзге аудан, қаланың шаруалары да егуде.

Шаруа қожалықта жергілікті 60 адам жұмыс істейді. «Тұран» ШҚ-ның төрағасы Хабибулла Азимовтың айтуынша, өткен жылы 35 центнер мақта жиналған болса, биыл 40 центнерден аса өнім алу жоспарланған. Былтырғы өнімді Түркия және Балтық жағалауы елдеріне экспорттаған. Қожалық болашақта тоқыма өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы