Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 33 жыл

15 Ақпан 2022, 17:23
10304
Бөлісу:
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 33 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Тарихқа ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген соғысқа интернационалдық борышын өтеу үшін 22269 қазақстандық аттанды. 

Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса азамат әскер қатарында қызметін жалғастырып келеді.

Өрімдей жас кездерінде ұрыс алаңына аттанған сарбаздардың басты міндеті – халықаралық терроризммен күресіп, есірткі бизнесінің шекарадан өтуіне тосқауыл қою еді. Отанына аман-есен оралғандардың ерлігі ескеріліп, арнайы медальдармен марапатталды. Алайда, рухы мықты және ең батыл азаматтар ғана қарапайым азаматтық өмірге қайта бейімделе алды. Солардың бірі – теміртаулық Алексей Дулин. 1986 жылы тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша училищені бітіріп, бірден әскер қатарына шақырылады.

Ол медициналық комиссиядан өткен сәттен бастап-ақ, Ауғанстанға жіберілетінін білген. Бірнеше күннен кейін Алексей Дулин Газни провинциясында орналасқан 20-шы әскери бөлімнің тобында болатыны анықталады. 

Ата-анам оқудан кейін Ауғанстанға жіберілетінімді білгенде, әрине, алаңдай бастады. Біз арнаулы жасақ батальонының төртінші взводының бірінші ротасы болдық. Оқу барысында біз БМП (жаяу әскердің жауынгерлік машинасы) жүргізуді үйрендік. Емтихан тапсырғаннан кейін тікұшақтарға отырып, бірден Ауғанстанның Газни провинциясына аттандық", - деп еске алады Алексей Дулин.

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 33 жыл

Ол жүргізуші-механик қызметін атқарған.

Мен жүргізуші-механик қызметінде болдым, жаяу әскер топтарын жеткіздім, сондықтан әріптестеріммен бірге тапсырмаларға жиі шығып, шабуылдарды ұйымдастырдым. Операцияларға шыққанда, ашық шайқас алаңында қалған кездерім де болды. Біздің машинамызға екі рет мина түсіп, жау гранатометінің астында қалды. Ауған жерінде болғанда жақын досымнан айырылып, өзім екі рет контузия алдым. Менің ойымша, түрлі қиындыққа қарамастан бізді ерлікке жетелеген - жауынгерлердің арасындағы адал достық және елге деген сағыныш. Соғысқа бүкіл Одақ бойынша әртүрлі ұлт өкілдерінің азаматтары шақырылды. Соған қарамастан, арамызда үлкен сыйластық пен татулық орнады, - деді ол.

Соғыс ардагері ескі достарымен әлі де байланыста екенін айтты.

Бұрын шетелдік көптеген ауғандықтармен тілдесіп, бір-бірімізге қонаққа барып тұратын едік. Бірақ уақыт өте келе байланысымыз ажырап қалды. Енді Теміртауда қалған ардагерлермен жиналып тұруға тырысамыз. Біздің қаламызда әскери комиссариаттың жанында ескерткіш бар. Әр жылдың 15 ақпан күні біз әскери жолдастармызбен дәстүрлі түрде кездесіп, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанын атап өтеміз, өткен күндерді еске аламыз, - дейді .

Сондай-ақ, Ауған соғысының ардагері атаулы күннің қарсаңында өз тілегі мен құттықтауын да жеткізді.

Ең алдымен, барлық жолдастарыма, соғыс ардагерлеріне зор денсаулық тілегім келеді. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Ауыр кезеңді көзбен көріп, басынан өткерген әрбір әріптесіме тек амандық тілеймін.  Ер азамат ел үшін туады, ел үшін өледі. Бұл - менің өмірлік ұстанымым. Өмірге қайта айналып келсем де, осы жолды таңдар едім. Ер адам қай маман иесі болса да, кеудедегі намысын жоғалтпауы тиіс. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мұра етіп қалдырған осынау ұлан-байтақ даламызды біз де көзіміздің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа аманат етіп табыстауымыз қажет,- дейді соғыс ардагері Алексей Дулин.

Отан үшін жанын пида етіп, азаматтық борышын абыроймен өтеген барлық қандастарымыздың есімі тарихта алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды. 

Аружан Алпысбай

 

 

Өзгелердің жаңалығы