Келер жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

12 Желтоқсан 2023, 19:45
663
Бөлісу:
Келер жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Астана қаласында 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ойындарға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.

Сонымен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (ДКО) туралы не белгілі? Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды.

Ойындар Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізеді. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысында шағын және орта бизнестің, оның ішінде туризм, халықтық қолөнер, қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндіктерін іске асыруына жағдай жасалады. Алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бай мәдени және спорттық бағдарламасы Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз, - делінген қалалық әкімдік таратқан ақпаратта.

Астанада ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен жарыстар өтеді. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде дүйім жұртқа таныстырылады.

Жарыс бағдарламасына сәйкес 110 медаль жиынтығы ойнатылады. ДКО-ның спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – «Астана Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Думан» қонақ үй кешенінде өтеді.

Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады.

Этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алады.

Спорттық жарыстармен мәдени шараларды тамашалауға 100 мыңнан астам қазақстандық және шетелдік турист келеді деп жоспарланған.

Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үй кешенінің қызметі ұсынылады.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда (2014 жылы) өтіп, кейінгі екеуі де (2016 және 2018 жылдары) осы елде ұйымдастырылды.

Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті.

Өзгелердің жаңалығы