Кегендегі шекараға жақын тұратын ауылдағылар көмекке зәру – сенатор

13 Қазан 2022, 13:02
1154
Бөлісу:
Кегендегі шекараға жақын тұратын ауылдағылар көмекке зәру – сенатор

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Нұржан Нұрсипатов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялауға қатысты проблемалық мәселелер бар.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылды және ратификацияланды, бірақ шекаралық тосқауылдарды орнату процесі әлі аяқталған жоқ. Бұл жергілікті тұрғындарға қандай қиындықтар туғызатыны туралы сенаторларға Алматы облысы Кеген ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы айтқан. Ауыл тұрғындарының өтініші сенатордың депутаттық сауалына негіз болған.

Қазақстан тарапынан шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеуіштер жоқ. Тек екінші шебі, жол жиегіне параллель орнатылған бөгеуіштермен белгіленген. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттары үшін пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан, бүгінгі күні бұл жерлерді Қырғызстан азаматтары шөп шабу, мал жаю үшін пайдалануда, өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ, - деді Нұржан Нұрсипатов.

Осыған байланысты, ауыл тұрғындары сенаторлардан Қазақстан мен Қырғызстан арасында жасалған мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартта көрсетілгендей, мәселені шешуге және жетіспейтін бөгет желілерін орнатуға жәрдемдесуді сұрап отыр. 

Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шекара маңындағы өңірлер тұрғындарының құқықтарын сақтау мақсатында мемлекеттік шекарасын шегендеуді аяқтау жөніндегі жұмыстың барысы туралы хабарлауды сұраймыз. Алматы облысы Кеген ауданындағы шекара сызығын қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік шекараның бүкіл сызығы бойынша қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді монтаждауды жүзеге асыруға, тұрғызуға және орнатуға шұғыл түрде  қаражат қарастыру маңызды. Шекара маңы аудандары азаматтарының, заңда белгіленген шеңберде, шекара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдалану құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде назардан тыс қалмауды және  шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюды сұраймыз, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы