Қазақстандықтар Наурыз мейрамын онлайн форматта тойлауды бастады

19 Наурыз 2021, 12:02
2794
Бөлісу:
Қазақстандықтар Наурыз мейрамын онлайн форматта тойлауды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар биыл Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын онлайн форматта тойлауды бастады.

Бүгін Наурыз мейрамына орай Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті онлайн-концерт өткізіп жатыр.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қазақстандықтарды Әз-Наурызбен құттықтады.

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз бұл ең алдымен жаңа жылдың, жаңа бастамалардың басталуын білдіретін жақсылық пен бейбітшілік мерекесі. Бұл күні бәріміз бақыт, бейбітшілік пен жақсылық, тыныштық пен жарқын болашақ тілеуіміз керек. Наурыз баршаңыздың отбасыңызға, ынтымағы мен бауырмалдығы жарасқан халқымызға құт-береке, қуаныш пен бақыт сыйласын, - деді ол.

Сондай-ақ МКК өкілі комитет алға қойған міндеттерін жүйелі түрде атқарып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгін комитет алғаш рет мерекені онлайн форматта тойлап жатыр.

Беларусь Республикасындағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Марат Бейсенов те Ұлыстың ұлы күні отандастарына жылы лебізін жолдады.

Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Кіріс комитетінің өкілдігі атынан баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз құт-береке алып келсін, еліміз тыныш болсын, - деп айтты кеңесші.

Одан бөлек ҚХР-дағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Нұржан Жұмағалиев Кірістер комитеті өкілдігі атынан келе жатқан мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

Наурыз – жылдың басы күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Ак ниетпен үлкенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алып, Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық және әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз өркендеп, бәрімізге Наурыз ынтымақ пен сәттілік алып келсін. Ортақ үйіміз Қазақстан гүлдене берсін, - деп Нұржан Жұмағалиев тілегін айтты.

Онлайн шара ән-күймен жалғасты.

Наурыздың дәстүрлі тағамы Наурыз көже жеті түрлі азықтық заттан тұрады. 7 деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді. Бұл санның мағынасы өте терең. Тіпті 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурызды тойлау кезінде ақсақалдарға 7 кесе наурыз көже ұсынылады, үйге 7 қонақ шақырады.

МКК еліміздің әр өңіріне виртуалды саяхат жасап, халқымыздың салт-дәстүрін ұлықтады.

Комитеттің өңірлердегі департаменттері көрермендерге ән-күйлерін тарту етіп, сырға алу, тұсау кесу, беташар дәстүрлерін ұсынды. Сондай-ақ өңірлердегі департаменттер қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті.

Өзгелердің жаңалығы