Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда коронавирусқа қарсы дайындалып жатқан вакцинаны жасаушы ғалым, профессор Лесбек Күтімбетов отандық вакцинаның қандай дайындық фазасында екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, БҒМ Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институты 5 вакцина дайындап жатыр. Олардың екеуі сынақтан өтіп жатыр.
Бірінші вакцина – инактивтендірілген вакцина. Ол 2020 жылдың мамырында ДСҰ-ға тіркелген. Бұл вакцина клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өткен. Яғни жанураларға тексерілді. Соңғы кезең – маймылдарға тексеріліп жатыр. Екінші вакцина – суббірліктік вакцина тамызда тіркелген. Бұл өнім де клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өтті. Екеуінің де нәтижесі жақсы, екеуі де қауіпсіз, тиімділігі жоғары, - деді профессор.
Оның ішінде QazCovid-in деп аталатын біреуі ерікті адамдарға сыналып үлгерген. Қазір сынақтың 2 фазасынан да өтті.
Бірінші фазасында 18 бен 50 жас аралығындағы 44 адамға егілді. Екінші фазасы 30 қарашада аяқталды. Ол 50 жастан асқан 200 адамға салынып көрді. Клиникалық зерттеулер оң нәтиже көрсетіп отыр. Вакцина иммуногендік белсенділік тудырады. COVID-19-дан қорғайды. Жұқтырып алам деп қорықпай-ақ қоюға болады», - деді профессор.
Лесбек Күтімбетов шілде айында вакцинаны ойлап табуға атсалысқан бірнеше ғалым бұл дәрмекті өз ағзаларына сынап көргенін айтты. Қазір олардың барлығы денсаулық жағдайына шағымданбайды. Коронавирус жұқтырғандармен бірге жүре береді.
Клиникалық сынақтан өтіп жатқан еріктілердің қанын тексергенде қандағы антиденелердің титрі өте жоғары болған. Бұл антиденелер вирусты бейтараптандырып, ағзаға таралуының алдын алады. Антиденелер ағзада әлі жоғары болып тұр. 5 ай өткеніне қарамастан, бізге әлі де вирустан қауіп төніп тұрған жоқ. Иммунитет 6 айға дейін тұрақты болады деп жоспарлап отырмыз, - деді профессор Күтімбетов.
Оның айтуынша, желтоқсанның соңында QazCovid-in вакцинасының үшінші сынау кезеңі басталады. Осы сынақ нәтижесі оң болса, ДСМ мақұлдауынан соң көпшілікке пайдалануға болады.
Үшінші фазада бірнеше мыңдаған ерікті қатысады. Коронавируспен бір рет ауырып тұрғандар да қатысатын болады, - деді ол.
Профессордың айтуынша, қалған 3 вакцинаның екеуі векторлық, үшіншісі - гендік инженерия ғылымының жемісі.
Вирус штамдары алынды. Өндіріс негізі дайын. Тек өндіріс технологиясын стандартизациядан өткізіп, иммунибиологиялық қасиетін бағалау қалды. Бесінші вакцина – тірі вакцина. Келесі жылы қаңтардан бастап оның вакциналық қасиетін тексеретін боламыз. Иммуногендік қасиеті бойынша бұл вакциналар бірінен бірі аса ерекшеленбейді. Тек дайындау технологиялары бойынша ғана өзгеше. Инактивтендірілген вакцина вирулентті вирустан жасалады. Біз оларды өлтіріп, иммуностимулятор препараттармен қалыпқа келтіреміз. Суббірліктік вакцина үшін вирустың тек сыртқы ақуыздары ғана алынып, басқа микроағзаға қондырылады. Содан өсіп шыққан биомассаға адъюванттар (иммуностимуляторлар) қосылып вакцина жасалады. Векторлық вакциналарға адъювант қосылмайды. Бұндай вакциналарды әлемнің көптеген елдері ойластырып жатыр. Ал тірі вакцинаны Үндістан мен Қазақстан ғана ойластырып жатыр. Басқа елдер жайлы естімеппін, - деді профессор.
Лесбек Күтімбетов қазақстандық вакцина иммуногендік қасиеті бойынша ресейлік «Спутник V»-дан күштірек болатынын жеткізді.