Қазақстанда вакцина сатылымына ресми рұқсат берілген жоқ - Цой

30 Наурыз 2021, 19:07
1752
Бөлісу:
Қазақстанда вакцина сатылымына ресми рұқсат берілген жоқ - Цой

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «ҚР-да МСАК-тың рөлі мен дамытуды күшейту және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы» өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Министр журналистің Алматыдағы жекеменшік медициналық орталықтардың бірінде «Спутник V» вакцинасын ақша беріп салдыруды ұсынып жатқаны туралы деректің қаншалықты заңды екеніне қатысты қойған сұрағына жауап берді. 

Қазіргі таңда елімізге ресми түрде мемлекеттік айналымдағы вакцина ғана жеткізілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын, қормен келісімшарты бар жекеменшік клиникалар да вакцинацияны тегін түрде жүргізеді. Егер вакцинаның сатылымға түскені туралы дерек шықса, бірден хабарлауларыңызды сұраймыз. Себебі, қазір Қазақстанда вакцинаның сатылымына ресми рұқсат берілген жоқ. Бірақ, біз вакцинаға деген қолжетімділікті арттыруды көздеп отырмыз. Коммерциялық нарықта да түрлі өндірушілерден вакцинаның түсуіне қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді ол. 

Министр бұған дейін қазақстандық вакцинаны егу қашан басталатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, болжам бойынша сәуірдің соңында дайын болуы мүмкін. Қазір жаппай вакцинациялауды жүзеге асыру үшін үлкен алаңдарды пайдалану мәселесі де қарастырылып жатыр.


Өзгелердің жаңалығы