Атамқұлов: Қазақстанда тіпті линолеум шығаратын өндіріс жоқ

16 Наурыз 2021, 10:16
2038
Бөлісу:
Атамқұлов: Қазақстанда тіпті линолеум шығаратын өндіріс жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін республикада 103 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Саладағы қажеттілікті анықтау мақсатында негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргіздік. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер 10 тауар позициясы бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді, - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырған 10 тауар позициясының қатарында - темір-бетон бұйымдары, бетон, құрғақ қоспалар, лак бояу, керамикалық кірпіш, силикат кірпіш, бетоннан жасалған ұялы блоктар, ішкі есік блоктары, болат есік блоктары, шыны бар. 

11 позиция бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шамамен 50 пайызды қамтамасыз етіп отыр. Ал линолеум, түсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша қазіргі уақытта ішкі нарықта өндіріс жоқ, - дейді ол.

Яғни елімізде тіпті линолеум шығаратын өндіріс қалыптаспаған. Атамқұлов ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен (санфаянс, линолеум, түсқағаз) толық қамту мақсатында қазір шетелдердің трансұлттық компанияларымен бірлесіп, Қазақстан аумағында импорт алмастыратын өндіріс ашу мәселесін пысықтап жатқандарын айтты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Самұрық-Қазына қорымен» бірлесіп, Құрылыс индустриясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірледік. Онда саланы қолдаудың барлық тетігі қарастырылған, - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы